RU
Толық нұсқаға өту

Н. Тілендиев ауылында «Келешек мектебі» ашылды

01.09.2026, 17:02 23

Алматы облысының Нұрғиса Тілендиев ауылында жаңа мектеп ашылды. 900 орынға арналған білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. 

Жаңа нысан үш ауысымда оқитын мектептер санын азайтып, балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. 

Нұрғиса Тілендиев ауылындағы жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда инклюзия орталығы, кітапхана, шеберханалар, STEM және робототехника кабинеттері бар. Оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы орта қарастырылған.

Кәусар Қуанбекова, мектеп оқушысы:

- Біз бұрын 26 орта мектепте оқығанбыз, енді 11 сыныпты осы жаңа «Келешек мектебімізде» оқу бұйырыпты. Мектептің ішін толықтай көріп шықтым. Барлығы қатты ұнады.

Рахметолла Қорғасбеков, Н. Тілендиев ауылының тұрғыны:

- Менің осы жерде 4 немерем оқиды. Төртінші немеремді 1 сыныпқа алып келіп отырмын. Осы 1 сыныпқа қабылданды. Осы мектепте біздің балаларымыз сапалы білім, саналы тәрбие алып, өсіп-өнуіне үлкен үлес қосылады деп ойлаймын.

Соңғы төрт жылда Алматы облысында 75 жаңа мектеп пен алты қосымша корпус салынды. Соның арқасында үш ауысымда оқитын мектептердің саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар шалғай елді мекендерден бес мыңнан астам оқушыны мектепке тасымалдау мәселесі шешілді.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Облыста бүгін жалпы жаңа 5 мектеп қолданысқа берілді. Кейін 10 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жалпы 35 770 бала 1 сыныпқа барды. «Келешек мектептері» деген бағдарлама жалпы осы біздің мектепке деген талаптарды күрт өзгертті. Ең бастысы, бұл жерде мақсат – қала мен ауыл мектептерінің арақашықтығын жою. Қазір көріп тұрсыздар, дәл осындай мектептер қалада да, ауылда да салынып жатыр. 

Өңірде үш ауысымды оқыту мәселесін алдағы үш жылда толық шешу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Гүлім Советхан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөнкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz