RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында 22 мың шәкірт мектеп табалдырығын аттады

01.09.2026, 22:14 25

Жамбыл облысында 22 мыңнан аса шәкірт алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Өңірдегі барша білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын. 

Биыл білім саласына 362,5 млрд теңге бағытталды. Қаржының басым бөлігі білім беру инфрақұрылымын жаңартуға және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ. Қазір өңірде 14 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр.

Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың. Жүздері бал-бұл жанған 22 мың 142 шәкірт өңірдегі білім ошақтарының табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Жалпы жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 245 мыңнан астам оқушы білім алады. Білім күніне арналған салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев салада атқарылған іргелі істерді атап өтті.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2025-2029 жылдары 133 мектепті жаңғырту жоспары бекітілді. Былтыр 10 мектеп жаңғыртылды, биыл тағы алты мектепте күрделі жөндеу жасалып, олардың жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен облысымызда 80 мектептегі 207 оқу кабинеті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Дәл қазір өңірде 14 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 5 мектеп және 9 жапсарлас құрылыс бар.

Ләззат Қызылқұлова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінде үш мектеп және бес жапсарлас құрылыс аяқталып, пайдалануға берілді. Ол өз кезегінде тозығы жеткен және апатты мектептердің, сондай білім беру ұйымдарындағы спорт зал мәселесін шешуге мүмкіндік берді.  Ал 2027 жылы тағы 2 мектеп пайдалануға беріледі.

Мектептерді жаңғырту мен жаңа нысандар салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – оқушыларға қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастырып, сапалы білім алуға жағдай жасау. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Бақытжан Бапаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz