RU
Толық нұсқаға өту

Инклюзивті білім беретін маман тапшы

02.09.2026, 20:48 35

Инклюзивті білім беру саласында білікті маман тапшы. Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында әлеуметтік педагог жетіспейді. 

Елде ерекше білім беруді қажет ететін бала көбейген сайын, арнайы маманға сұраныс артты. Бірнеше жоғары оқу орны кадр даярлайды. Биылғы оқу жылында «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 2 мың грант бөлінді.

Өскемендегі «Үлбі» әлеуметтік орталығында 20 арнайы педагог 150-ден астам балаға білім мен тәрбие беріп отыр. Мамандардың жүктемесі жоғары. Олар 28 топпен жұмыс істейді. Демалыс күндері алмастыратын кадр жоқ. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін 13 мыңнан астам бала бар. Бес жүзден астам педагог-психолог пен 380 арнайы педагог еңбек етеді.

Әнел Қиноятова, «Үлбі» әлеуметтік орталығының аға оқытушысы:

- Қазіргі таңда бізге мамандар жетіспейді. Ол тәрбиешілер, әлеуметтік жұмысшылар және де университет сол әлеуметтік жұмысшыларды дайындаса деген үмітіміз бар. Соны қайтадан оқуға кіргізсе жақсы болар еді.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті логопед, сурдопедагог және арнайы педагог мамандарын даярлайды. Бұл мамандық иесіне сұраныс бар. Ерекше балаларға инклюзивті білім беретін әмбебап маман даярлау мақсатында медициналық жоғары оқу орындары да тартылды. Осыған орай оқыту бағдарламалары қайта қаралды.

Светлана Стельмах, С.Аманжолов атындағы ШҚУ психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры:

- Былтыр алғаш рет эргопедагогтер мен эрготерапевтерді даярлау үшін студенттер қабылданды. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бірегей білім беру бағдарламасы. Ол медицина мен арнайы педагогиканы ұштастырады.

Мәдина Ауренова өңірде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған алғашқы оңалту орталығын ашыпты. Ерекше баланың анасы әрі білікті педагог оң динамикаға қол жеткізу үшін науқас балалармен күніне 12 сағатқа дейін жүйелі түрде жұмыс істеу қажет дейді. Қазір орталыққа әлеуметтік қызметкерлер қажет.

Мәдина Ауренова, Балаларды оңалту және бейімдеу орталығының басшысы:

- Әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс ауқымы артып келеді. Бүгінде олардың міндетті түрде әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша дипломы болуы керек. Бұған дейін талаптар сәл өзгеше болған кезде педагогикалық білімі бар мамандарды да жұмысқа қабылдай беретінбіз.

Бұл талаптар коммерциялық оңалту мекемелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру үшін де міндетті. Қазір елдегі 17 жоғары оқу орнында 5 мыңнан астам арнайы педагог даярлануда. 2 мыңнан астам студент білім беру грантымен қамтылды. Осылайша, инклюзивті білім беру саласындағы маман тапшылығы кезең-кезеңімен азайып келеді. Президенттің тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үйде оқытпай, қоғамға толыққанды бейімдеу. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Роман Родионов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz