Ауылдағы оқушылар жасанды интеллектінің көмегімен білім алады.
Елде шағын жинақты мектептерге жасанды жадыны енгізу бойынша пилоттық жоба басталды. Бұл бастамаға алғаш болып Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қосылды.
Шиелі ауданындағы №84 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Байкенжеева күнделікті сабақты «қос мұғалім» форматында өтеді. Сыныптағы ұстазбен бірге Астанадағы әріптесі де оқушыларға сабақты онлайн түсіндіріп, тақырыпты меңгеруге көмектеседі.
Шолпан Байкенжеева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Жаңа сабақты түсіндіргеннен кейін жасанды интеллект арқылы тестті ұйымдастырып жібереді. Өзім бұл жерде баланың білімі тез қалай түсінді, қалай меңгерді, соның несін онлайн ұстаз жасанды интеллектпен тест құрастыру арқылы біліп отыр.
Бұл пилоттық жоба өңірдегі 5 шалғай ауыл мектебіне енгізілді. Оның басты мақсаты - ауыл оқушыларына сапалы білім беру. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою.
Алмасбек Қалдыбеков, информатика пәнінің мұғалімі:
- Әр баланың осы сабақтағы игерген білімін, оның қорытындысын нақты дәлелмен көрсету және ай, тоқсан бойынша, жыл бойынша дәл дәрежесін көрсетіп бере алады. Бұл дегеніміз нені білдіреді? Қай оқушыға қай тараптан біз көмек көрсетуіміз керек, қандай мақсатта баланың бойындағы білімді жеткізе алмадық, қандай көмек күшін көрсетуіміз керек, осы жұмыстарға жұмылдыратын көп көмегі бар бағдарлама деп ойлаймын.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені өңірде тірек мектептер арқылы шағын жинақты мектептерге онлайн сабақ беру тәжірибесі бұған дейін де қалыптасқан.
Батырхан Есенбеков, мектеп директоры:
- Пилоттық жобаға қатысты мамандары келіп, мектептегі жаңағы компьютерлер, интернеттің жылдамдығы, тағы басқа дүниелердің барлығын көріп, тексеріп кетті. Қазіргі таңда ол кісілердің тікелей бақылауында сабақтың өтілу барысы, жалпы ол кісі министрліктің де бақылауында және бізде өзіміз де күнделікті осы сабақтардың өтілу барысын қадағалап отырмыз.
Қазіргі уақытта еліміздің ауылдық елді мекендерінде 2,6 мың шағын жинақты мектеп жұмыс істеп тұр. Сыныптардағы оқушы санының аздығына байланысты барлық өңірде әр пәннен білікті педагогпен қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі. Осыған орай, қабылданған бағдарлама шеңберінде бұл мәселені 2028 жылға дейін толық шешу көзделген.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда облысы #жасанды интеллект жылы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz