Кітап оқу – адамның дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісін тереңдететін дағды. Ал оқырман қалыптастыру – бір күнде шешілетін мәселе емес.
Ол үшін баланың кітапқа қызығушылығынан бастап, заманауи кітапханаға дейінгі тұтас орта қажет. Осы бағытта Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Құжатта кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар кітапхана ісін жаңғырту, ұлттық әдебиетті насихаттау және оқырманға жаңа мүмкіндік жасауға бағытталған нақты міндеттер белгіленген. Мәселен, «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1 млн-нан астам адам тіркелген.
Адамзаттың талай ғасырлық ізденісі мен ілімі, қуанышы мен қасіреті, танымы мен тағылымы кітап бетінде қатталған. Сондықтан кітап оқу – тек уақыт өткізу емес, ойды тәрбиелеу. Ал оқитын ұлттың ойы сергек, танымы терең болмақ. Осы бағытта Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Оның аясында Үкіметке тоғыз бағыт бойынша тапсырма берілді. Соның қатарында балалар мен жастардың кітап оқуға деген тұрақты дағдысын қалыптастыру, оқырман инфрақұрылымын жаңарту, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде кеңінен таныту міндеттері бар.
Роллан Құспан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары:
- Осы Жарлық аясында бірқатар маңызды тапсырмалар жүктелді. Олардың қатарында республикалық «100 оқырман» жобасын жүзеге асыру, кітап оқуды насихаттап жүрген азаматтарды марапаттауға арналған ұлттық сыйлық тағайындау және Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу бар. Сонымен қатар 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеумен бірге кітапхана және кітап ісі туралы арнайы заң қабылдау тапсырылды.
Бүгінде елімізде төрт мыңға жуық көпшілік кітапхана бар. Өткен жылы олардың қызметін пайдаланғандар саны 55 млн-нан асты. Енді осы рухани мұра цифрлық кеңістікке көшіп, оқырманға бұрынғыдан да жақындай түспек. Ал кітаптың адам өміріндегі орны туралы астаналықтардың пікірі қандай? Қандай шығарманы серік етеді?
Кітапқа деген көзқарас әртүрлі болғанымен, оқуға деген сұраныс бар. Мұны кітапхана статистикасы да көрсетеді. Ендігі кезең сол қызығушылықты тұрақты дағдыға айналдыру. Бұл үшін кітаптың мазмұнына мән берумен қатар оны оқырманға жақындататын орта қалыптастыру маңызды. Жарлықта көзделген міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асса, кітапхана ісі жаңа мазмұнмен толығып, оқырманға ұсынылатын мүмкіндік те көбеймек.
Роллан Құспан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда жасақталып жатқан Ұлттық цифрлық кітапханалық платформаны келесі жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба Қазақстандағы 4 мыңға жуық көпшілік кітапхананың басын бір жүйеге біріктіреді. Платформада арнайы электрондық каталогпен қатар заманауи жасанды интеллект элементтері енгізіледі. ЖИ технологиясы оқырманның іздеу сұраныстарына сәйкес мазмұнды ұсынып, әрбір қолданушының жеке оқу маршрутын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды. Жобаға қазірдің өзінде 1 млн-нан астам адам қосылған. Алты ай ішінде қатысушы 15 кітап оқып, әр шығарма бойынша өз пікірін жариялауы тиіс.Марафонға қатысуға ниетті азаматтарды тіркеу 27 қыркүйекке дейін жалғасады.
Мәселен, Қосшы қаласының кітапханасына келетіндердің арасында жастар көп. Балалар шытырман оқиғалы және суретті кітаптарды таңдайды. Ересектер тарихи шығармаларға қызығушылық танытады. Ал жастар арасында өзін-өзі дамыту, тіл үйрену және мотивациялық әдебиеттер сұраныста. Бұл кітапханада әдеби шаралар да тұрақты өтеді. Мамандардың айтуынша, мұндай басқосулар оқуға деген қызығушылықты арттыра түседі.
Гүлмарал Нұрмағанбетова, Қосшы қаласы орталық кітапханасының кітапханашысы:
- Жақында детектив жанрында жазылған «Заманауи әдебиет тергеуші» романының авторы Арман Әрменбекпен кездесу болады. Сонымен қатар «Дайағашы» кітабының авторы Ұларбек Нұрғалыммен де кездесу ұйымдастырылуда. Оған қоса, Қосшы қаламыздың бес жылдығына орай «Оқы да оз» атты үлкен кітап байқауын өткіздік. Бұл сайыстың жүлде қоры 700 000 болды. Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын оқуға 100-ден астам адам өтініш білдіріп, қатысты. Былтыр кітапханамызға 8 000-ға жуық оқырман тіркелген болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш екі еселеніп жатыр. Қазіргі уақытта біздің бағдарламада 11 000 оқырман тіркелген, осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделуде.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» марафоны тек байқау форматымен шектелмейді. Кітап оқуға қызығушылық танытқан, бірақ жүлде үшін бәсекеге түспейтін азаматтар үшін «Parasat» бағыты да іске қосылды. Бұл бағытта қатысушылар марафонның ортақ тізіміндегі 15 шығарманы оқып, әр кітап бойынша қысқаша пікір қалдырады. Қорытынды кезеңде барлық шығармаға қатысты онлайн тестілеу өткізіледі.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Медет Қуанышбеков
Тегтер #зерделі ұлт #кітап оқу #мәдениет #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz