RU
Толық нұсқаға өту

Елде былтыр 400 мыңнан астам қазақша кітап сатылды

21.09.2026, 07:51 47

Қазақ тілін меңгеруге құштарлық артты ма, әлде басқа себеп пе?

Қазақша кітаптардың саудасы қызып тұр. Кейінгі төрт жылда көрсеткіш 2 есе өсіп, 400 мыңнан асқан.

Оқырман қауым қазақ авторларының жаңа туындыларымен қатар шетел әдебиетінің аудармаларын да қызыға оқиды. Талғамға қарай жанр да, формат та әртүрлі. Қызыққан дүниесін кітапханадан іздейді, дүкеннен сатып алады. Енді маркетплейстердің қызметі тіптен оңтайлы болды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Кітап оқу тренд пе? Жоқ. Мұны уақытша құбылыс деуге келмейді. Арнайы сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы кітапты тұрақты оқитынын айтқан. Демек, бүгінгі таңда кітап оқу сән ғана емес, жақсы әдет, тіпті мәдениетке айналып келеді.

Мәселен, былтыр елде қазақ тіліндегі 400 мыңнан аса кітап сатылған. Тіпті кейінгі 4 жылда көрсеткіш 2 есе өсті. Бұл кітап палатасының дерегі. Баспа үйлері де талғампаз оқырман саны жылдан-жылға артып жатқанын байқаған. 

Қанат Бисенғазин, Foliant баспасының қоғаммен байланыс бойынша ресми өкілі:

- Ең шыншыл, ең әділ статистика бұл нарық қой. Біз өзіміздің шығарып жатқан өнімдерімізбен де айта аламыз. Себебі өнімдерімізге сұраныс төмендеген жоқ, сол деңгейде. Кейбір позициялар бойынша қайта көтеріліп жатыр. Сондықтан қоғамда кітап саласына, кітап айналымына, кітап сатып алуға деген қызығушылықтың жоғары екенін айта аламыз. 

Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін кітаптың қолжетімді болуы маңызды. Дегенмен, өзіндік құн сырттан келетін қағаз, бояу және полиграфиялық бұйымдарға тәуелді. Соған қарамастан баспалар бағаны мүмкіндігінше тұрақты ұстауға тырысады. Бұған мемлекеттің де қолдауы бар. Қазір кітапты басып шығару және айналымға енгізу қызметтері Қосымша құн салығынан босатылған. Мемлекеттік тапсырыс та бар. Бұдан бөлек сауда тәсілі де өзгеріп жатыр.

Қанат Бисенғазин, Foliant баспасының қоғаммен байланыс бойынша ресми өкілі:

- Маркетплейстер арқылы сатылатын 25-30 пайыз ғана, қалғандары тікелей көтерме сауда арқылы сатып алынады. Бізден ірі сауда орындары сатып алып, өздерінің дүкендерінде, дүкендер желісінде әріқарай таратады. Оқырмандар бізден тікелей алу үшін маркетплейстер арқылы тапсырыс бере алады.

Манап Мейіржанқызы үшін кітап оқу жай ғана хобби емес, өмірінің бір бөлігі. Ол электронды кітап пен қағаз кітапты қатар оқуды дағдыға айналдырған. 

Манап Мейіржанқызы, оқырман:

- Бізде "Парақта" деген қосымша бар. Ол жерде біз өзіміздің оқыған кітаптарымызды электронды түрде жүктеп қоямыз. Ол өте пайдалы. Ол жерден біз электронды түрде қанша кітап оқыдық, бәрін көре аламыз. Өте күшті. Соңғы кезде мен сыйлағанды да өте жақсы көріп жүрмін. 

Қазір ол «Ой орда» кітап талқылау клубының мүшесі. Мұнда  300-ге тарта оқырман тіркелген. Олар әр айдың аяғында бас қосып, бірден үш кітапты талдап үлгереді.

Жансұлтан Ғизатұлы, «Ой орда» қауымдастығының вице-президенті:

- Біздің мақсатымыз сол. Оқырмандар бірге жүру керек. Ой алмасу керек, бір кітап ұнамаса, оған сыни пікір айта алу керек. Оқырманның ең негізгі міндеті біз ойлаймыз, ойлану деп. Яғни біз бір кітапты оқыдық. Ол жақтағы ойлар бізді, қоғамды жақсартуға көмектесу керек. 

Кітап оқитын орта қалыптастырудың тағы бір алаңы – әлеуметтік желі. Әсіресе жастар арасында кітап туралы пікір алмасу, оқыған туындысын талқылау және өзгелерге ұсыну үрдісі қалыптасқан. Мұны мұғалімдер ұтымды пайдаланады. Олжас Семсерханұлы тикток арқылы жақсы дағдыны оқушыларының бойына сіңіріп жүр.

Олжас Семсерханұлы, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- Кітап талқылайтын кезде бір кітапты алып, қате жіберіп қойсаңыз, оған нешетүрлі комментарийлер жазады. Значит ондай адамдар сол кітапты оқыған. Егер оқымайтын болса, ол адамдар ондай пікір білдірмеуші еді. Сол арқылы сол кітаптың қаншалықты деңгейде трендте екені, қаншалықты оқылып жатқанын, содан білуге болады.   

Иә, кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге кітапхана ғана емес, арнайы клубтар, тіпті онлайн электронды платформалар да ықпал етіп жатыр. Соған қарағанда бүгінгі күні жұрт кітап оқымайды деуге келмейді. Кітаптың көптеп сатылғаны оқырманның да аз еместігінің айқын дәлелі.

Мерей Мұратханқызы, Мейрам Жүніс, Ақылбек Есімсейіт, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz