RU
Толық нұсқаға өту

Биыл қарағандылық 123 оқушының басым бөлігі халықаралық білім сайыстарынан жүлделі оралды

21.09.2026, 13:51 41

Биыл қарағандылық 123 оқушы халықаралық олимпиадалар мен білім жарыстарына қатысып, олардың жартысынан көбі жүлделі орындарға ие болды.

Әсіресе жаратылыстану, математика мен робототехника, география бағыттары бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жалпы биыл халықаралық білім додаларына қатысқан ел оқушыларының көрсеткіші өте жақсы. Олар түрлі пәндер бойынша мыңнан астам медаль жеңіп алды.

Сырым Амантай Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп-лицей-интернатының 10 сынып оқушысы. Ол жаңа оқу жылын жақсы жетістікпен бастады. Жақында Сербияда өткен географиядан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Байқау Копаоник қаласында өтті. Мұнда әлемнің әр елінен ең мықты жас географтар жиналды. Бұл Сырымның жалғыз жетістігі емес. Ол Болгарияда өткен Еуропалық география олимпиадасында алтын медаль иеленген.

Сырым Амантай, Н. Нұрмақов атындағы мектеп-лицей-интернатының оқушысы:

- Иә географияның өзі екі үлкен тарауы бар. Яғни физикалық және социалды-экономикалық. Мені қызықтырған негізі физикалық география. Үш тіл білемін. Өзіміздің қазақ тілі, орыс тілі және де ағылшын. Негізі географиядан олимпиадада керек әдебиеттердің ең пайдалылары ағылшынша. Ағылшын тілін жақсы білу өзіңе жақсы болады.

Ал «Мұрагер» мектеп-лицейінің оқушылары Пекинде өткен халықаралық байқауда жоғары нәтиже көрсетті. Олар археологиялық қазбалар мен табылған артефактілер туралы ақпаратты бір жерге жинақтайтын сайт жобасын таныстырды. Бұл жүйе мәліметтерді ретке келтіріп, археологиялық зерттеулердің нәтижелерімен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Байқауға 30 елден 350-ден астам команда қатысты. Қарағандылық оқушылар үшінші орынға ие болды.

Ахмади Дәулетбек, «Мұрагер» мектеп-лицейінің оқушысы:

- Ол жерде бәсекелестік те күшті  болды.  Біз көптеген күшті жобаларымен келген мықты, мықты командаларды көрдік. Олармен тәжірибе алмасып және  жаңа достар таптық.

Былтыр қарағандылық оқушылар робототехникадан әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Байқау АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтті. Мұндай халықаралық жетістіктер саны артып келеді. Өткен оқу жылында Қарағанды облысынан халықаралық жарыстарға 84 оқушы қатысып, олардың 46-сы жүлдегер атанды. Ал биыл қатысушылар саны 123-ке жетіп, 86 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Құндыз Мұхамеджан, білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде көптеген мынау жаратылыстану, математикалық бағытындағы сайыстарға, олимпиадаларға өте көп орындар иеленуде. Бағыттарымыз өте көп. Сонымен қатар робототехника саалсы бойынша жүлделі көптеген балаларымыз бар. Біздің өзі «Сарыарқа дарыны» орталығы бар. Сол жерде біз өзіміз жеке іріктейміз, сосын олимпиадалық резерв бар, өзіміздің қор. Баланың қандай потенциалы бар, соны ашу мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Қазіргі білім, ғылым және инновация заманы. Мемлекеттің өсіп өркендеуі, бәсекеге қабілетті болуы жас ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне тікелей байланысты. Осындай оқу озаттарымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды талантты жастар елі деп атады. Ал оқушылардың биылғы нәтижелері мұны тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Биыл олар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңнан астам марапатқа ие болды.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz