Оксфорд студенттері қазақша үйренеді. Ұлыбританиядағы әйгілі оқу орнының шәкірттері осы үшін арнайы Түркістанға келді.
Олар енді екі апта бойы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде сабақ алады. Шетелдік студенттер бұған дейін бір жыл бойы Оксфордта қазақ тілінің граматикасын оқыған. Енді жергілікті студенттермен сөйлесіп, тәжірибе жинайды.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі – 21 жастағы Шербан Халати. Тегі румыниялық жігіт Оксфорд университетінде физика мамандығы бойынша білім алады. Ал қазақ тілін өз еркімен үйреніп жүр. Оның тілге деген қызығушылығы осыдан 6 жыл бұрын қазақ әнін естігеннен кейін оянған. Содан бері қазақтың мәдениетін зерттей бастағанын айтады. Сынақты сәтті тапсырған Шербанға Түркістанға екі апталық тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілген.
Шербан Халати, Оксфорд университетінің студенті:
- Қазір мен осы жерде қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған қатты ұнайды. Себебі мен әріптестеріммен бірге кеше Отырар қаласына бардық. Біз бұл қалада қазақ тілін өте жиі пайдалана аламыз.
Іріктеуден өткен қатысушылардың арасында Ұлыбританиядан келген 22 жастағы Эндрю Атали де бар. Ол – Оксфордта лингвистика бойынша магистратурада оқиды. Айтуынша, қазақ елінің тарихына мектеп жасынан қызыға бастапты. Эндрю қазір қазақ тілінде тәп-тәуір сөйлейді. Зейінді студент Қазақстанда алған білімін кейінірек түркі тілдерін зерттеуде пайдаланбақ.
Эндрю Аталье, Оксфорд университетінің студенті:
- Мен үшін Қазақстанның тарихы өте маңызды және қызықты тақырып. Осы жерде қазақтың салт-дәстүрімен таныстым. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдарын жедім. Бауырсақ, манты, бешбармақ, қазы етін, жент, тары, әртүрлі тағамдар бар.
Мұнда шетелдік студенттер қазақ тілін тек оқу аудиториясында ғана емес, жергілікті тұрғындармен ауызекі сөйлесу арқылы да үйренеді. Ұйымдастырушылар екі апталық оқу бағдарламасында қазақ мәдениетімен тереңірек танысуға да мүмкіндік бар екенін айтады. Сондай-ақ студенттердің қатысуымен Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларындағы тарихи орындарға саяхат жасап, кездесулер өткізбек.
Пакизат Әдиева, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры:
- Грамматика бойынша Оксфордта оқытылған. Сондықтан біздің ең басты мән беретін нәрсеміз – тыңдалым мен сөйлеу дағдылары. Сол бойынша біздің білікті ұстаздарымыз сабақ береді. Сондықтан осы екі аптада бұл студенттер өздеріне үлкен қор жинайды деген ойдамыз.
Оқытушылар студенттер өздерінің дипломдық жұмысы мен зерттеу жобаларын осы тақырыптарға арнайтынын айтады. Қазір Түркістандағы қазақ тілі курсына 10-нан аса студент қатысуда. Бағдарлама екінші қазанға дейін жалғасады. Екі апталық тәжірибе алмасудан кейін студенттер қазақ тілін оқуды Ұлыбританияда жалғастырады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов, Ерболат Әбиш
Тегтер #24KZ #Оксфорд #студенттер #қазақ тілі #Түркістан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz