RU
Толық нұсқаға өту

Ватиканнан Қазақстан тарихына қатысты тың деректер әкелінді

25.09.2026, 21:50 43

Ватикан және Батыс Еуропа елдеріндегі қорлардан Қазақстан тарихына қатысты 500-ге жуық тың дерек әкелінді.

Бұл туралы Алматыда өткен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық конференцияда айтылды. Зерттеуді Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары жүргізді. Мамандар енді оларды ғылыми айналымға енгізуді жоспарлап отыр.

Ғылыми экспедиция 2024 жылы басталған. Зерттеушілер Ватиканның Апостол архиві мен кітапханасында жұмыс істеген. Ватикан архивіндегі сөрелердің ұзындығы 85 шақырымға жуықтайды. Ол жерде миллиондаған құжат сақталған. Одан бөлек Италия, Германия, Франция, Мажарстан, Австрия, Испания және Ұлыбританияның қорлары да назардан тыс қалмапты. Табылған олжа аз емес.  

Бағдат Дүйсенов, "Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты" Бас директорының орынбасары:

- Күйік ханның хаты деген хат бар. Төртінші Иннокентийге жазған. Бұл хаттың ең маңыздысы — сол Иннокентийдің Сартақ ханға жазған алғашқы хаты бар. Сол хаттың түпнұсқасын біз сол жақтан әкелдік. Одан басқа оның Мадрид нұсқасы бар. Одан Өзбек ханға жазылған хат Алтын Орда кезінде. Осындай хаттың нұсқалары бар. Бірақ ол сол кездегі Папалардың жазған хаты. Елшіліктердің жазған хаты. 

Қазақ зерттеушілері екі жыл ішінде жалпы 32 мыңға жуық еңбекті қараған. Соның ішінде Қазақстан мен түркі әлемінің тарихына қатысты 500-ге жуық кітап пен құнды материал іріктелген. Соның бірі XV ғасырда жасалған Фра Мауро картасы. Ол Қазақстан аумағы мен Еуразия даласының тарихын тануға мүмкіндік береді. 

Бағдат Дүйсенов, "Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты" Бас директорының орынбасары:

- Көптеген картографиялық зерттеулер жүргіздік. Фра Мауроның еңбектері бар. Карталары бар. Оларды жаңаша қарастырдық. Тың көзқараспен. Жалпы біздің ғылыми айналымға арналған өте көп материалдар бар.

Зерттеу барысында Ватикан қорынан мәмлүк-қыпшақ тілінде жазылған құнды еңбек те табылды. Бұл 1619 жылы Мысырда жазылған «Аш-Шузур аз-захабийа» сөздігі. Ғалымдар оның әлем кітапханаларында сақталған 36 нұсқасы бар дейді.

Джордж Панамтундил, Қазақстандағы Апостол нунцийі:

- Ватикан қазақстандық ғалымдарға барынша қолдау көрсетті. Бұған дейін екі тарап өзара келісіп, меморандумға қол қойған еді. Ғалымдарға өздері сұратқан барлық құжаттарды көруге мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта да ынтымақтастығымыз жалғасады деп ойлаймын. 

Ватикан мен Еуропа архивтерінен алынған деректер әлі толық зерттелген жоқ. Алда мамандар көне мәтіндерді аударып, бізде бар құжаттармен салыстырып, ғылыми сипаттама береді. Ғалымдар бұл еңбектер Қазақстан тарихының көмескі тұстарын толықтыра түседі деп отыр.

Ернұр Рысбай, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz