RU
Толық нұсқаға өту

Атырауда шетелдік студенттердің қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы артып келеді

26.09.2026, 10:00 36

«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор — мемлекеттік тіл», — деді Мемлекет басшысы. Бүгінде Атырауда өзге ұлт студенттерінің қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.


Солардың бірі – 4-ші курс студенті Нина Владимирова. Ол қазақ-орыс тілдерін жетік меңгерген. Сондай-ақ биыл оқуға түскен Әзербайжан азаматы да арнайы курсқа жазылып, қазақ тілін үйреніп жүр.

Келесі жылы университеттің психология және педагогика факультетін тәмамдайтын болашақ маман Нина Владимирова қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ауылдық жерде туып өскен ол жергілікті халықтың тек тілін емес, салт-дәстүр, әдет ғұрпымен де етене таныс. Нинаны біз кітапханадан жолықтырдық. Болашақ психолог Абайдың қара сөздерін қайталап оқып жүр.

Нина Владимирова, студент:

— Мен қазір Абай Құнанбаевтың кітаптарын оқимын. 45-ші қара сөзіне қызығамын. Менің орысша да, қазақша да сөйлейтін құрбыларым бар. Маған қай тілде араласса, сол тілде жауап бере аламын. Жалпы бізге шетелден адамдар келетін болса, оларға шектеу жоқ. Олардың қазақ тіліне жәй ғана қызығушылығы бар болса жеткілікті. Қазақстанға келіп тұр ғой, демек оларда қызығушылық бар.

Нинаның қазақ тіліне деген құрметі студенттер арасында кең қолдау тапқан. Бүгінде оқуға келген шетелдік жастар қазақ тілі курсына жазылып, үйрене бастады. Солардың бірі — Абит Мамедов, қазір мемлекеттік тілдің әліппесін меңгеруде.

Абит Мамедов, Әзербайжан азаматы:

— Бұған дейін Түркияда тұрдым. Онда қазақ достарым бар. Солармен араласып жүріп, көптеген сөздердің ұқсастығын байқадым. Сосын зейін қойсам, қазақ тілін меңгеріп алатынымды түсіндім. Сөйтіп қазақ тіліне қызығушылығым оянды.

Атырау университетінде 100 ден астам шетелдік студент оқиды. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім алуда. Көпшілігі жергілікті тілді меңгеруге құштар. Себебі тұрғын халқының 98 пайызын қазақтар құрайтын өңірде басты байланыс құралы қазақ тілі.

Рахметолла Закарья, университет проректоры:

— Шетелден келген білім алушыларға қазақ тілі бойынша арнайы курстар бар. Яғни деңгейіне де байланысты. Әр білім алушыға жеке түрде әуелі сауалнама жасалып, онан кейін олардың тіл деңгейіне байланысты курстар тағайындалады.

Өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асуда. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы өткен мамыр айында Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп QAZTEST жүйесі бойынша диагностикалық тестілеу ұйымдастырған болатын. Оған қатысқан 600-дей мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен ірі кәсіпорын мамандары қазақ тілін жетік меңгергенін байқатты.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz