Қазақстан мен Малайзия жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады. Енді екі елдің студенттері оқуын Қазақстан мен Малайзияда бөліп оқып, қос біліктілік алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы бүгін Астанада алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық форумда айтылды. Білім саласының көшбасшылары басқосқан алаңға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінгі форумның форматы бөлек, бағыты басқа. Мұнда әдеттегідей дәстүрлі келісімдерден нақты бірлескен білім беру бағдарламасына көшу мәселесі қаралады. Жаңалығы – студентке екі елдің білім беру жүйесінде оқып, қос біліктілік алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды дамыту. Мәселен, студент екі жыл Қазақстанда, екі жыл Малайзияда немесе үш жыл Қазақстанда, бір жыл Малайзияда оқи алады. Бұл үшін оның төрт жыл бойы басқа елге толықтай қоныс аударуы міндетті емес. Жиында оқу-тоқудан бөлек ұйымдастыру, аккредиттеу тетіктерін келісу сынды әр қадам бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Нови Таджуддин, «EMGS» білім беру компаниясының бас директоры:
- Бізде тағы бір маңызды бағыт – жүйелі академиялық ұтқырлықты дамыту. Бұл тек Малайзия университетіне толық оқуға түсумен шектелмейді. Студент өз университетіндегі оқуын жалғастыра отырып, бір семестрді Малайзияның жоғары оқу орнында өткізе алады және өз университетінің студенті мәртебесін сақтайды. Сонымен қатар малайзиялық студенттердің Қазақстанда білім алуына жағдай жасау мәселесі де қарастырылады.
Қазір 40-тан астам қазақстандық және 30-дан астам малайзиялық жоғары оқу орны арасында 80-нен астам ынтымақтастық туралы келісім бар. Биыл 50-ден астам жеткіншектер Малайзия университеттеріндегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысты. Ал ол елдің 3000-ға жуық студенті Астана, Алматы, Шымкентте білімін жетілдіріп жатыр. Шекара асып, өз елге оқуға барған жастар да форумның басы-қасында жүрді. Көрген-білген, ойына тоқығандарымен бөлісті. Одан бөлек, талапкерлерге арнайы мамандандырылған білім көрмесі ұйымдастырылды.
Жасмин Хантемір, студент:
- Мен Малайзияда қазір үшінші курс бакалаврда оқып жатырмын. Біздің жүйемен айтқанда бұл төртінші курс саналады. Менің бұл елді таңдағаным – білім жүйесіндегі сапа мен қолжетімді бағаға қарадым. Шетелдік өзге мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен салыстырғанда әлдеқайда ұтымды. Бұл тек оқу жағы ғана емес, сол жақтағы тұрғын-жаймен қамтылу мәселесі де ыңғайлы. Мен маркетинг саласында білім алып жатырмын. Оқуымды аяқтаған соң өзіміздің елге келіп, еңбек етсем деген ниетім бар.
Форумда ерекше назар аударылған бір бағыт – ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу, жас ғалымдарды өзара алмастыру сынды жұмыстарды бірігіп іске асыруға ниетті. Маңызды бастама тек бұл ғана емес, Малайзияның жетекші жоғары оқу орындары Қазақстанда өз филиалдарын ашуға құлықты.
Тегтер #24KZ #Қазақстан #Малайзия #ынтымақтастық #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz