Атырау облысы Жамансор ауылында қайтарылған активтер есебінен салынған мектеп-интернат пайдалануға берілді.
80 оқушыға арналған білім ордасы мен 30 орындық интернат заманауи талапқа сай жабдықталған. Бұрын ауылдағы жоғары сынып оқушылары көрші аудандарға барып білім алып жүрді. Мемлекет басшысы Жолдауында қайтарылған активтерді ел игілігіне пайдалануды айтқан еді. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде тағы бір нысан салынып жатыр.
Жамансор ауылының тұрғыны Лаура Оразбаеваның 5 баласы оқу жылын жаңа мектепте бастады. Бұған дейін жоғары сыныпта оқитын балалары көрші Мақат ауданындағы Доссор мектеп-интернатында білім алып келген. 70 шақырым жерге қатынау қиын болды. Енді жаңа мектеп ашылып, ауыл балалары мен ата-аналар қуанышты.
Лаура Оразбаева, Жамансор ауылының тұрғыны:
- Бұрын енді Доссор мектеп-интернатына барып, қатынап оқып жүрді ғой. Өте қиын болды ол уақытта. Қазір енді мектебіміз ашылып, іргеден кіріп, іргеден шығып, үйімізге кіріп, балалар енді үйден барып жүр ғой сабаққа. Өте жақсы, керемет.
Мектепте қазір 120 бала оқып жатыр. Олардың сапалы білім алуына қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Жаңа білім ордасы заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда физика, химия, биология, робототехника кабинеттерінде барлық жағдай жасалған. Оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде де жетілдіруге мүмкіндігі бар. Ауыл балалары енді алысқа сабылмай, осындай заманауи мектепте білім алады.
Жанаргүл Жұмабаева, Жамансор орта мектебі директорының м.а.:
- Бұрын біз бастауышта жұмыс жасадық. Енді тағы да қосымша 5 пен 9-дың аралығындағы сыныптарға жан-жақтан ұстаздар келді. География, математика, орыс тілі мен әдебиеті, химия, биология сынды. Бұрын сіздер естіп жүрсіздер, біздің балаларымыз Доссор мектеп-интернатында жатып оқыды. Одан қалған балалар Атырауда оқыды, Құлсарыда ағайын-тумасының үйінде жатқан оқушылар бар, Сағызда оқыған, Мұқырда оқыған оқушылар бар. Солардың барлығы ауылымызға оралып, қазір осы мектепте жүздесіп, оқуды бастап жатқан жайымыз бар.
Мектепте 70 орындық акт залы мен спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ білім ордасының жанынан 30 орындық интернат та бой көтерді. Бұдан бөлек қайтарылған активтер есебінен Құрманғазы ауданында МРТ құрылғысына арналған ғимарат салынуда. Қазір құрылыстың 90 пайызы аяқталған.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #қайтарылған активтер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz