Маңғыстау облысында жасыл энергетика және логистика саласына мамандар даярланып жатыр.
Әлемде сұраныс жоғары мамандықтарға Ақтаудағы қазақ-неміс тұрақты инженерия институты оқытады. Қазіргі кезде 163 студент білім алуда. Төрт жылдық оқу бағдарламасының соңғы курсында олар Германияның жетекші университеттерінде тәжірибеден өтеді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты Ақтауда 2023 жылы ашылды. Институт неміс инженерлік білім беру стандарттарына негізделген 6 бакалавриат, энергетика және логистика саласында магистратура бағдарламалары бойынша оқытады. Мәселен, «Жаңартылатын энергия жүйелері» саласында күн және жел энергетикасы, жасыл сутегі, отын элементтері мен цифрлық модельдеу бағыттары қамтылады. Ал «Логистикадағы менеджмент» бағдарламасында көлік-логистикалық жүйелерді басқару, цифрландыру және халықаралық тасымал салалары оқытылады. Білім алушылар соңғы курсты Германияға барып, білім алады. Қазір оқып жатқан 163 студент еліміздің 12 облысынан келген. 153-і мемлекеттік грантпен қабылданған.
Тоғжан Тоқтарбек, студент:
- Біздің KINI институты көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншісі, басқа тілді үйренесің. Сонымен қатар 2 жыл Ақтауда оқитын болсақ. Үшінші жылымыз Алматыда, егер өтіп жатсақ, 4-жылда Германиядан қос диплом алуымызға мүмкіндік бар. Менің алып жатқан мамандығым - «Computer Science» мамандығы.
Кубраханим Хаджиева, оқытушы:
- Технологиялық инжиниринг мамандықтарын оқыған жастарымыз жасыл сутегі өндіру жобаларына үлес қосады деп сенеміз. Қазір Маңғыстау облысында жүзеге асып жатқан ірі энергетикалық жобалар бар. Мәселен, Қарақия ауданында салынып жатқан жасыл сутегі зауытына білікті мамандар қажет. Біздің студенттеріміз технологиялық инженеринг пәндерін қазақ, орыс және неміс тілінде оқиды. Сондай-ақ академиялық және кәсіби коммуникация тілі ретінде ағылшын тілін де меңгереді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазіргі кезде «Энергетикалық және экологиялық инженеринг» және «Логистика» мамандығы бойынша 4-курс студенттері Алматыда, сондай-ақ Германияның жетекші екі университетінде өз білімін жалғастыруда. Айта кетсек, білім алушылардың екінші курстан бастап тілдік тағылымдамадан өтеді. Биыл 28 студент неміс мемлекетінің 8 қаласында болған. Жалпы Ақтауда институт ашылғалы бері қазақстандық 46 тәлімгер Германияның жетекші оқу орындарында оқып келді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Ақтау #Германия #тәжірибе #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz