Орталық Азияны кітаптан емес, өз көзіңмен танып-білу. Франциядағы INALCO Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтында Қазақстан мен Қырғызстанда өткен көктем мектебінің қорытындысы баяндалды. Франциядан келген 15 магистрант — болашақ дипломаттар мен халықаралық қатынастар саласының мамандары — өңірмен танысып, түрлі сала мамандарымен кездесті. Бағдарлама Қазақстан мен Франция елшіліктерінің қолдауымен және қазақстандық компаниялардың демеушілігімен жүзеге асты, деп хабарлайды 24KZ.
INALCO-ның Орталық Азияға арналған алғашқы көшпелі мектебі Қазақстан мен Қырғызстанды қамтыды. Алматыда студенттер Сорбонна-Қазақстан институтында конференцияларға қатысып, дипломаттармен, зерттеушілермен және бизнес өкілдерімен кездесті. Геосаясат, энергетика, қоғамдағы өзгерістер, тіл мен бірегейлік мәселелерін талқылады.
Катрин Пужоль, INALCO-дағы Орталық Азия тарихы мен өркениеттерінің профессоры:
—Мектептің басты мақсаты — студенттерді өңірге апарып, аудиторияда отырып дәріс тыңдау, белгілі бір аймақ туралы көп материал оқу мен сол жерге барып, бәрін өз көзіңмен көрудің айырмашылығы зор екенін көрсету. Сол жерде тұратын адамдармен, мамандармен, зерттеушілермен, әріптестерімен кездесудің маңызы зор. Сонда ғана өңір туралы жанды әрі шынайы түсінік қалыптасады.
Бағдарламаға INALCO-ның халықаралық қатынастар мамандығында оқитын магистранттары қатысты. Олардың арасында Орталық Азия мен Еуразия өңіріне қатысты жобалармен айналысып жүрген студенттер бар. Көшпелі тәжірибенің нәтижесі тек дәрістер мен мәдениетпен танысумен шектелген жоқ. Студенттер азаматтық қоғам, тілдік ахуал, бірегейлік, Қазақстанның сыртқы саясаты және Алматының дамуы туралы зерттеулер дайындаған. Ең бастысы, әрбірінде Қазақ елі туралы өзіндік әсер қалыптасты.
Исмаил Рикард, INALCO магистранты, бағдарлама қатысушысы:
—Геосаяси мәселелерге, соның ішінде энергетикаға, сондай-ақ кейінгі жылдары Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерге арналған дәрістер мен конференцияларға қатыстық. Біз жаңа Конституция бойынша өткізілген референдумнан шамамен он күн өткен соң келдік. Сондықтан дәріс берген сарапшылар Қазақстан қоғамындағы өзгерістер мен үдерістер туралы сөз сөйледі. Біз үшін мұнда келу өте маңызды, өйткені Францияда Орталық Азия әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмеген деп ойлаймын.
Клеманс Бланшар, INALCO магистранты, бағдарлама қатысушысы:
— Бұл көктемгі мектеп маған алғаш рет жергілікті жерде практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Қазір оқудан бөлек, уран өндіру және атом энергетикасы саласында жұмыс істеймін, сондықтан осы бағытта негізгі серіктестердің бірі саналатын Қазақстанмен тығыз байланыстамыз. Бұл сапар академиялық тұрғыдан да, кәсіби жағынан да мен үшін өте мазмұнды әрі пайдалы болды.
Алғашқы көктемгі мектеп пилоттық жоба болды. Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты бұл бағдарламаны жалғастырып, келесі француз студенттеріне Орталық Азияны зерттеуге мүмкіндік беруге үміттенеді. Оның үстіне, оқу орнында Қазақстанға қызығушылық артып келеді. Үш жылдан бері мұнда студенттерге арналған қазақ тілі курстары қайта оқытыла бастады.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #Франция #INALCO #магистранттар #ҚырғызстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz