RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Aqorda

Ұстаз мәртебесі және жасампаз ұрпақ: Президент білім саласының басымдықтарын айқындады

05.10.2026, 17:28 57

Білікті мұғалім – мықты мемлекеттің тұғыры, ал ұстаз еңбегін құрметтеу – өркениетті қоғамның маңызды белгісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұстаздар күніне орай өткен салтанатты іс-шарада педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ел дамуындағы ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды «24KZ».

Мемлекет басшысы қабылданған халықтық Конституцияда алғаш рет адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті әрі стратегиялық бағыты ретінде бекітілгеніне тоқталды. Президент озық мемлекеттің қуаты адам капиталының сапасымен өлшенетінін, ал оның негізі сапалы білім мен ғылым екенін айтты.

Осы кезеңде елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті, Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды, Вице-Президент лауазымы енгізілді. Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты құрылып, Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгерістер елдің даму бағдарын айқындаған маңызды әрі іргелі қадам болды.

Ұстаз мәртебесін көтеру де мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бірнеше педагог ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Ал 5 қазан Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде ресми бекітілді.

Бүгінде Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар. Бұл – елдегі әрбір бесінші азаматтың мектепте білім алып жатқанын білдіреді.

Соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді. Оның 84-і, яғни шамамен 40 пайызы ауылдық жерде орналасқан.

Ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек, – деді Президент.

Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу де жалғасып жатыр. Орта мектептерге AI жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды жаппай енгізу бағдарламасы іске асырылуда. Биыл қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті.

Жаңа технология мұғалімді алмастыруға емес, оның жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Бұл педагогтердің артық жұмыстан босап, оқушылармен тікелей жұмыс істеуіне және тәлімгерлікке көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.

Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесінде Қазақстан мектептерінің цифрлық дайындық деңгейі ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен жоғары болды. Оқушылардың когнитивтік бейімделу индексі де орташа деңгейден жоғарылаған.

Педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары да артып келеді. Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантқа ие болды.

Мұғалімдік жолды таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе өсті. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар.

Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін айтты. Мектепте өскелең ұрпақтың дүниетанымы қалыптасып, оның азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеттерінің негізі қаланады.

Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте жастардың білім алып, адал еңбек етуі қажеттігіне де мән берілді. Президенттің айтуынша, өмір – сиқырлы ертегі емес. Адамның жетістікке жетуі үшін жан-жақты дайындалып, біліммен қарулануы қажет.

Мемлекет басшысы стратегиялық мақсаттың бірі – бәсекеден тайсалмайтын, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты.

Сондай-ақ кітап оқудың маңызына назар аударылды. Биыл мамырда Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған. Мемлекет басшысы кітап оқуды жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден қорғайтын рухани қалқан ретінде бағалады.

Сөз соңында қоғамда жаңа этиканың қалыптасып келе жатқанына назар аударылды. Тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қазақстандықтардың базалық құндылықтарына айналуы тиіс.

Бұл құндылықтарды қалыптастыруда ұстаздың орны ерекше. Сондықтан педагог еңбегін құрметтеу мен оның мәртебесін көтеру – білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz