RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Шәкіртақы 2,5 есе өсті: Қазақстанда студенттерге қанша төленеді?

06.10.2026, 14:45 50

Соңғы жеті жылда Қазақстанда студенттерге, магистранттар мен докторанттарға көрсетілетін қаржылай қолдау көлемі артты. Бүгінде студенттердің базалық стипендиясы 52 372 теңгені, педагогикалық бағытта білім алушыларға 84 мың теңгені, магистранттарға 117 098 теңгені, докторанттарға 262 500 теңгені құрайды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды «24KZ».

Министрліктің мәліметінше, 2019 жылы студенттердің базалық стипендиясы 20 949 теңге болған. Осылайша жеті жыл ішінде оның мөлшері шамамен 2,5 есе өскен.

Ведомство стипендия студенттерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Қаржылай төлем білім алушылардың күнделікті шығындарының бір бөлігін, соның ішінде тамақ, жол ақысы, оқу құралдары және басқа да қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді.

Педагогикалық мамандықтарға да ерекше назар аударылған. Бұл бағытта білім алатын студенттердің стипендиясы 84 мың теңгеге дейін өсті. Министрліктің мәліметінше, бұл білім беру саласына қажетті кадрларды даярлауды қолдауға және педагогикалық мамандықтардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушыларға берілетін мемлекеттік қолдау да күшейтілді. Магистранттардың стипендиясы 117 098 теңгені, ал докторанттардыкі 262 500 теңгені құрайды.

Министрлік стипендия көлемінің өсуін білім алушыларға жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырады. Білім алудың қолжетімділігі оқу ақысын төлеумен ғана шектелмейді. Студенттердің тұратын жері, тамағы, жол ақысы және күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалатын шығындары да маңызды.

Осылайша соңғы жеті жылда мемлекеттік стипендия көлемі айтарлықтай өсіп, қолдау жоғары білімнің барлық негізгі деңгейін – бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтыды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz