RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Депутат балабақшадағы кезек жүйесін қайта қарауды ұсынды

07.10.2026, 11:56 54

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ләззат Қожахметова  ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдап, балабақшаға кезекке қою жүйесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, әсіресе Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары. Қазіргі жүйеде ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын күту үшін баласын басқа, соның ішінде жекеменшік балабақшаға формалды түрде тіркеуге мәжбүр болатын жағдайлар бар.

Ләззат Қожахметова мұндай тәсілдің ваучерлік қаржыландырудың тиімділігіне қатысты сұрақ туғызатынын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір жекеменшік балабақшаларда бала іс жүзінде тәрбиеленбесе де, құжат жүзінде тіркеліп тұруы мүмкін.

Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс, – деді депутат.

Осыған байланысты Ләззат Қожахметова баланы басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, ата-ана таңдаған мектепке дейінгі ұйымның күту парағына тікелей қоюды ұсынды.

Сондай-ақ бос орын пайда болған кезде балаларды ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдау және мемлекеттік қаржыны баланың балабақшаға нақты қатысуын растайтын цифрлық деректер негізінде төлеу қажет екенін айтты.

Депутат министрлікке формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізуді, бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеуді және күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орындар арасындағы сәйкессіздікті азайту шараларын әзірлеуді ұсынды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz