RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-ның білім саласына 450 жас маман келді

08.10.2026, 13:28 79

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының білім саласына 450 жас маман барды, деп хабарлайды 24KZ. «Осылайша, өңірде кадр тапшылығы жойылды», – дейді жауаптылар.


Елге барғандардың көбі ауылда еңбек етеді. Оларға бірреттік көтерме жәрдемақы төленіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй беріледі. Жалпы жастарды ауылға тартып, еңбекпен қамтуға арналған бағдарлама аясында елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық жас маман баспанамен қамтылады. Жоба жүзеге асқан 17 жыл ішінде 38 мың жас үйлі болған.

Дарина Кашапова мұғалім мамандығына кездейсоқ келген жоқ. Ұрпақтар сабақтастығын жалғады. Әулет үлкендерінің жолын қуып, ұстаздықты таңдады. Жас маман студент шағында осы мектепте тәжірибеден өткен. Білім ордасына тарих пәнінің мұғалімі болып оралды. Дарина сияқты мұнда тағы 7 жас маман бар.

Дарина Кашапова, М. Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің мұғалімі:

– Жастарға көрсетіліп жатқан қолдау ерекше сезіледі. Мұнда жас педагогтар өте көп. Бәріміз бір-бірімізді танимыз, тығыз байланыстамыз. Хат алмасып, қолдан келгенше бір-бірімізге көмектесеміз. Біреуі сабақ жоспарын дайындасуға қол ұшын созады. Екіншісі жылы сөзін айтып, рухани қолдау білдіреді.

Жаңа оқу жылында облыстың білім беру саласына 450 жас педагог келді. Олардың 321-і мектепке жұмысқа тұрды. Ал қалғандары колледждер мен балабақшаларда еңбек етіп жатыр. Осылайша, мұғалімдердің жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешімін тапты.

Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:

– Айталық, жыл басына дейін 206 маман жетіспеген болатын болса, негізінен бұл математика, информатика, әлеуметтік педагог пен психолог жетіспеген болатын. Жұмысқа тарту, үгіттеудің нәтижесінде бұл мәселе шешілді деп айтуға болады. Елді мекендерге жұмысқа барған жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспанаға ие бола алады.

Жас мамандардың жұмысқа бейімделуіне тәжірибелі әріптестері көмектеседі. Тәлімгерлері көрнекі құралдарды пайдалану, сабақ жоспарын құру әдістерін үйретеді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 16 мың педагог еңбек етеді.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Төлеген Иманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz