RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда үш ауысымды мектептер саны бес есе қысқарды

09.10.2026, 10:26 59

Қазақстанда 2019 жылдан бері 1,1 миллион оқушыға арналған 1301 мектеп салынды. Нәтижесінде үш ауысымда оқытатын мектептер саны бес есе, апатты жағдайдағы білім ошақтарының саны екі есе, ал оқушы орындарының тапшылығы төрт есе қысқарды, деп хабарлайды «24KZ».

Қазір елімізде 8 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда 4,1 миллионға жуық бала білім алады. Мектептердің 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын дамытуда балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуына тең жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.

Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Жаңа мектептер заманауи оқу кабинеттерімен, STEM-зертханаларымен, робототехника және информатика кабинеттерімен, шеберханалармен, шығармашылық кеңістіктермен және спорт нысандарымен жабдықталған. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сынып оқушыларының қозғалыс ағындарын бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Жаңа мектептердің құрылысы бірқатар өңірдегі қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Жоба аясында 54 үш ауысымды және 14 апатты мектеп мәселесі толық шешілді. Сондай-ақ 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы азайды.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да үлес қосып келеді. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта оның 83-і пайдалануға берілген.

Осылайша, Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – өңірлер арасындағы білім беру инфрақұрылымының айырмашылығын азайту, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz