Қазақстанда соңғы жеті жылда мектепке дейінгі ұйымдар саны 1483-ке артты. Оның ішінде 345 мемлекеттік балабақша жаңадан салынған, деп хабарлайды «24KZ».
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту және балабақша орындарының қолжетімділігін арттыру – білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта жаңа нысандар салумен қатар, шағын орталықтар ашу, жұмыс істеп тұрған балабақшалардағы орын санын көбейту және жекеменшік ұйымдардың мүмкіндігін пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әсіресе ірі қалалар мен жаңадан бой көтерген тұрғын аудандарда балабақшаға сұраныс жоғары. Халық санының өсуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша орын ашу қажеттілігі де артып келеді. Сондықтан бұл мәселені шешуде жаңа ғимараттар салумен қатар, қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану маңызды.
Осы мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырысы жекеменшік балабақшаларға да орналастырылады. Бұл олардың мүмкіндігін пайдалануға, ата-аналардың таңдауын кеңейтуге және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда елімізде 232 мың жаңа орын ашылды. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын құру жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы тағы бір маңызды өзгеріс – қаржыландыру жүйесінің жаңаруы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бастап «ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.
Жаңа тетік бойынша мемлекеттік қаржы нақты бір балабақшаға емес, баланың қажеттілігіне қарай бөлінеді. Бұл ата-аналарға мектепке дейінгі ұйымды таңдауға көбірек мүмкіндік беріп, бюджет қаражатының жұмсалуын ашық әрі тиімді етуге бағытталған.
Қазір пилоттық жоба 20 қала мен облыстардың 23 ауданында жүзеге асырылып жатыр. Оған 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысады. Балаларға 1 миллионнан астам ваучер берілген.
Жобаның нәтижесінде балабақша кезегі де айтарлықтай қысқарған. Егер пилот басталған кезде кезекте 160 мың бала болса, қазір бұл көрсеткіш 22 мыңға дейін азайған.
Осылайша, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатыр. Жаңа балабақшалар салу, қосымша орындар ашу, жекеменшік ұйымдарды тарту және қаржыландыру жүйесін жетілдіру арқылы балалардың балабақшаға қолжетімділігін арттыру көзделген. Басты мақсат – қай өңірде тұрса да, әр баланың мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуына тең мүмкіндік жасау.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #балабақша #ҚР Оқуағарту министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz