Қазақстанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан, деп хабарлайды «24KZ».
Білім беру инфрақұрылымын дамыту тек оқушы орындарының санын арттырумен шектелмейді. Қазіргі таңда мектептердің сәулеттік үлгісіне, материалдық-техникалық жабдықталуына, қауіпсіздігіне және балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жағдайларға баса мән беріліп отыр.
«Келешек мектептері» жобасының басты ерекшелігі – заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Жаңа мектептердің ауданы бұрынғы үлгілік ғимараттармен салыстырғанда орта есеппен 15–20 пайызға үлкен. Мұнда физика, химия және биология кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және компьютер сыныптары, еңбек шеберханалары, музыка және хореография залдары, коворкинг кеңістіктері мен заманауи спорт нысандары қарастырылған.
Мектеп ішіндегі кеңістікті ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Бұл оқу процесін тиімді ұйымдастырып, ортақ пайдаланылатын аумақтардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа мектептерде қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, инклюзивті орта қалыптастыруға жағдай жасалған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи шешімдер енгізілген.
Жобаның нәтижесінде мектеп инфрақұрылымындағы бірқатар мәселе шешімін тапты. Жаңа форматтағы мектептердің пайдалануға берілуі 54 үш ауысымды және 14 апатты мектептің мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы азайды.
Осылайша, «Келешек мектептері» жобасы мектеп құрылысын салудың жаңа тәсілін қалыптастырып, заманауи білім беру ортасын дамытуға бағытталған. Мұндағы басты мақсат – оқушыларға қауіпсіз, қолайлы әрі технологиялық талаптарға сай орта қалыптастырып, сапалы білім алуға мүмкіндік жасау.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Келешек мектептері #ҚР Оқуағарту министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz