RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ

Қазақстанда барлық баланы қосымша біліммен қамту көзделіп отыр

09.10.2026, 14:24 44

Қазақстанда 2,2 миллионнан астам бала тегін үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады. Ал қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтылған оқушылардың жалпы саны 3,5 миллионға жуықтады. Бұл – мектеп жасындағы балалардың 90 пайызы. 2027 жылдан бастап елімізде әр баланың қосымша білім алуына мүмкіндік жасау көзделіп отыр, деп хабарлайды «24KZ».

Қазақстанда 2,2 миллионнан астам бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың спортпен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір елімізде қосымша білім беру қызметін 2 896-ға жуық ұйым көрсетеді.

Бұл ретте ауыл балаларына, ерекше білім беру қажеттіліктері бар және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға қосымша білімнің қолжетімді болуына ерекше мән беріледі. Ауылдық жерлерде сабақтан тыс уақытта балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін мектептердің инфрақұрылымы пайдаланылып, мыңға жуық комьюнити-орталық құрылған.

Балалар спортын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қазір 2,2 миллионға жуық бала мектеп секцияларында, қосымша білім беру ұйымдары мен спорт мектептерінде жаттығады. Олар Ұлттық мектеп лигасының жарыстарына да қатысады.

Үйірмелер мен секциялар балалардың қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп және өзара құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Мәселен, еріктілік жобалары, мектеп театрлары, дебат клубтары, экологиялық акциялар мен спорттық жарыстар балалардың ортақ іске атсалысып, өз еңбегінің нәтижесін көруіне мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын және «Таза Қазақстан» идеясын насихаттаумен де сабақтас.

Қосымша білімге арналған ваучерлік жүйе енгізіліп жатыр

Балалардың үйірмелер мен секцияларды таңдау мүмкіндігін кеңейту үшін 2025 жылдан бастап еліміздің бірқатар өңірінде қосымша білім беруді ваучерлік қаржыландыру тетігі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Оның негізгі қағидаты – «бір ваучер – бір бала».

2025 жылдың маусымынан бастап пилоттық режимде іске қосылған бірыңғай ваучерлік жүйе спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттарын қамтиды. Қазір 600 мыңнан астам балаға қосымша білім алуға арналған ваучер берілген.

Жоба алты өңірде жүзеге асырылып жатыр. Олар – Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстары.

Жаңа тетік мемлекеттік қаржыландыруды нақты балаға бағыттауға, бюджет қаражатының бөлінуін ашық етуге және ата-аналарға баласының қызығушылығы мен қабілетіне сай үйірме таңдауына мүмкіндік беруге арналған. Сонымен қатар қосымша білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік тапсырыс жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қызмет көрсету тәртібін жүйелеуге, ортақ талаптар қалыптастыруға және қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

2027 жылға қарай қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу көзделген

Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесін 2026 жылы 95 пайызға, ал 2027 жылдан бастап 100 пайызға жеткізу межесі белгіленген.

Осы мақсатқа жету үшін қосымша білім беру нысандарының желісін кеңейту жоспарланып отыр. 2027 жылдың соңына дейін оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және өнер мектептері сияқты кемінде 100 ірі нысан салу көзделген.

Сонымен қатар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда тегін үйірмелер мен секциялар ашу қарастырылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сыныптан тыс және мектептен тыс іс-шараларға тартуға да басымдық беріледі.

Мұндағы мақсат – әр баланың отбасылық жағдайына, тұрғылықты жеріне және жеке қажеттіліктеріне қарамастан, өзі қалаған бағытта білім алып, қабілетін дамытуына мүмкіндік жасау. Сондықтан қосымша білім беру саласында ұйымдар санын көбейтумен қатар, қызмет сапасына, қауіпсіздікке және үйірмелердің қолжетімділігіне де мән беріледі.

2027 жылға қарай балаларды қосымша біліммен толық қамту мақсаты әр оқушының қызығушылығын дамытуға, талантын ашуға және бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасайтын жүйе қалыптастыруға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz