RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1 067 медаль жеңіп алды

09.10.2026, 15:00 41

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, қазақстандық оқушылар халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 2025–2026 оқу жылында елімізде 1,5 миллионға жуық оқушы республикалық олимпиадаларға, ғылыми байқаулар мен зияткерлік жарыстарға қатысты. Олардың 700 мыңнан астамы жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Ал халықаралық деңгейдегі 44 олимпиада мен ғылыми байқауда қазақстандық оқушылар 1 067 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «24KZ».

Республикалық және халықаралық жарыстардағы жетістіктер

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дарынды балаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысқан оқушылардың 45 пайызы жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 204 алтын, 356 күміс және 507 қола медаль жеңіп алды. Бұған қоса, 57 арнайы марапатқа ие болды.

Ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиадада ел намысын 31 оқушы қорғап, 28 медаль мен үш грамотаны еншіледі. Оның ішінде 9 алтын, 14 күміс және 5 қола медаль бар. Былтыр алтын медаль саны 4 болса, биыл 9-ға жетті. Бұл – 125 пайыз өсім.

Физика пәнінен өткен IPhO 2026 халықаралық олимпиадасында Қазақстан құрамасының бес мүшесі де алтын медаль иеленді. Командалық есепте Қазақстан Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытайлық Тайбэй құрамаларымен бірге бірінші орынға шықты.

География пәнінен қазақстандық оқушылар екінші, информатикадан оныншы, химиядан 11-ші, биологиядан 18-ші, математикадан 22-ші орын алды. Еуропалық математикалық олимпиадада Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болса, Халықаралық экономикалық олимпиадада сегізінші орын алды. Балқан математикалық олимпиадаларында қазақстандық оқушылар төртінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Жалпы, халықаралық олимпиадалардағы нәтижелер бойынша Қазақстан әлемдегі ең мықты 22 елдің қатарына енді.

Қазақстандық оқушылардың жеке жетістіктері

Халықаралық жарыстарда бірқатар оқушы жоғары нәтиже көрсетті. Қостанайлық Андрей Енбахтов географиядан өткен халықаралық олимпиадада 184 қатысушының арасынан абсолютті жеңімпаз атанды. Астаналық Максим Цой информатикадан халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке рейтингте бесінші орынға тұрақтады. Мұхтархан Батырхан Халықаралық экономикалық олимпиаданың екі дүркін абсолютті чемпионы атанды. Ал Талдықорған оқушысы Дарын Бекбол халықаралық география олимпиадасында тоғызыншы орын алды.

Қазақстандық қыздардың жетістігі де ерекше. Нұргүл Егенбергенова физикадан халықаралық олимпиадада алтын медаль иеленген еліміздегі алғашқы қыз атанды. Айзере Жеңісханова химиядан халықаралық олимпиадада алтын алған алғашқы қазақстандық оқушы қыз болды.

Жас зерттеушілердің жобалары халықаралық деңгейде бағаланды

Қазақстандық оқушылар АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF халықаралық ғылыми-инженерлік көрмесіне де қатысты. Әлемнің 60-тан астам елінен шамамен 1 700 жас зерттеуші жиналған байқауда Қазақстан атынан жеті оқушы бес ғылыми жобаны таныстырды. Оның үшеуі арнайы марапатқа ие болды.

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай машиналық оқыту технологиясы арқылы қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесін әзірледі. Жоба онкологиялық ауруларды жасанды интеллект көмегімен ерте әрі дәл анықтауға бағытталған. Жас зерттеуші MAWHIBA Foundation қорынан 400 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық және Сауд Арабиясындағы Король Фахд атындағы Мұнай және минералдар университетінің білім грантын алды.

Талдықорғандағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары Аслан Башаров пен Нұркелді Болысбай оқу үлгерімін жоспарлау мен модельдеуге арналған KazLib цифрлық платформасын әзірледі. Жоба Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының (AAAI) студенттік мүшелігі марапатына ие болды.

Ал Алматыдағы Панфилов атындағы №54 қазақ-орыс мектеп-лицейінің оқушылары Михаил Исаков пен Рахим Нұрмұханбетов нейрондық желілер құруға арналған Neuralese интерактивті платформасын жасады. Жоба AAAI Membership және School Library Membership атты екі арнайы марапатқа ие болды.

Бұдан бөлек, Хьюстонда өткен халықаралық робототехника жарыстарында қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушының арасынан 12 марапат жеңіп алды.

Дарынды оқушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Қазақстанда халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы беріледі.

Қолданыстағы тәртіп бойынша алтын медаль иегеріне 1 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегеріне 1 000 АЕК, ал қола медаль иегеріне 500 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған. Оларды дайындаған педагогтерге де медаль деңгейіне қарай 150, 100 және 50 АЕК мөлшерінде сыйақы төленеді.

2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл қолдау тетігі халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне де таратылды. Тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары Қазақстанның жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім грантымен түсу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ олар «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында білім алуға үміткер бола алады.

Оқушылардың бұл жетістіктері – олардың табандылығы мен еңбегінің, ұстаздарының кәсіби біліктілігінің және дарынды жастарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Халықаралық білім додаларында топ жарған жас қазақстандықтар ел мерейін үстем етіп, көк туымызды биікте желбіретіп жүр. Олардың жеңісі өскелең ұрпақтың ғылымға, білімге және жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz