Астанадағы қазақ-француз Ghalam /Ғалам/ кәсіпорнының мамандары ғарыш телескопының инженерлік моделін әзірлеуге кіріседі, деп хабарлайды 24KZ.
Жобаны отандық астрофизик ғалымдар үш жыл бұрын бастады. Болашақта ғылыми аппаратты Айдың айналасындағы орбитаға ұшыру жоспарланып отыр.
Алыс-жақын ғарышты зерттейтін құралдар да уақыт талабына сай өзгеріп келеді. Оларды жасау үшін озық технология мен қыруар қаражат керек. Ал ғалымдарға ескі әрі жердегі телескоптардың мүмкіндігі жеткіліксіз. Шетелдік мамандар жұмыстарды тікелей ғарыштан жүргізуде. Қазақстандық телескоп та осыған ұқсас. Ол Жер мен Айға жақын ғарыш кеңістігін зерттейді.
Александр Серебрянский, В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Біз екінші кезеңді күтіп отырмыз. Ол кезеңде телескоптың инженерлік үлгісін дайындаймыз. Оны тексеру үшін қоладанамыз. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін, деректерді талдау тәсілдерінің дұрыстығына көз жеткіземіз. Бізге бұл ақпаратты телескоп береді.
Жаңа телескоп Ай маңындағы нысандар мен Жерге жақындаған астероидтарды зерттейді. Сонымен қатар метеориттердің Айға құлаған сәтін тіркейді. Мамандардың айтуынша, осы арқылы ғарыш сапарларын қауіпсіз етуге болады. Ал телескопқа қажет инфрақызыл сенсорларды американдық Teledyne компаниясы жеткізеді. Компания бұған дейін «Джеймс Уэбб» обсерваториясымен жұмыс істеген.
Шыңғыс Омаров, В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының директоры:
- Біз бұл компаниямен келіссөз жүргіздік. Телескопқа қажетті инфрақызыл сенсорларға қоятын талаптарымызды айттық. Олар сенсорларды сол талапқа сай жасап бере алатынын жеткізді. Телескоптың ұшатын үлгісі дайын болған кезде бұл құралдарды сатып аламыз.
Алда жобаның бірнеше күрделі кезеңі бар. Телескоптың инженерлік үлгісін 2029 жылы аяқтап, сынақтан өткізу жоспарланған. Ал ғарышқа ұшатын нұсқасы 2031 жылы дайын болады.
Ернұр Рысбай, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Таңдаулы #Қазақстан #ғалым #ай #зерттеу #телескоп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz