Таразда 16 мың кітап оқыған мұғалім тұрады.
49 жастағы Базарбай Дүйсенбаевтың кітапқа деген құштарлығы бала кезінен басталған. Содан бері әдеби шығармаларды үзбей оқып келеді. Қазір де кітап оқу мәдениетін мектеп оқушыларына дәріптеп жүр.
Базарбай Дүйсенбаев алғашқы әдеби кітабын бастауыш сыныпта оқып жүргенде қолына алған. Содан бастап әдебиетке әуес болған. Тіпті 11-сыныптан соң аудандық кітапханадағы 10 мың кітапты оқып шыққан. Қазір де қолы қалт етсе оқулық ашады. Бір мезетте бірнеше шығарманы оқиытын кездері көп. Қазір педагогтың оқыған кітабының саны 16 мыңға жеткен.
Базарбай Дүйсенбаев, қала тұрғыны:
- Айлығымның 10 пайызын кітап алуға жұмсап отырамын. Әлемдегі ең кітап көп оқитын елдердің қатарында, мысалы, АҚШ жылына 17 кітап оқиды. Үндістан 16 кітап оқиды. Франция 15 кітап оқиды. Сағат Әшімбаевтың кітабында бар. Мынау Балтық теңізінің бойындағы Литва, Эстония мемлекеттері жылына 12 кітап оқитындығы айтылған. Санның орнында талғам тұрса, сапаның орнында оқу мен ұғыну тоқыну тұрса, халықтың деңгейі көтеріледі.
Базарбай 2012 жылы алғаш рет өткен республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы. Бүгінде «Дарын» лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол 10-ға жуық әдістемелік оқу құралын жазған. Бүгінде оқушылары да кітап оқу байқауларында топ жарып жүр.
Майра Есенәлиева, «Дарын» лицей-интернатының директоры:
- 45 оқушы кітап оқитын ұлт марафонына қатысып, қазіргі таңда олар екінші кітапты аяқтап жатыр. Сонымен қатар облыстық ой шебері байқауында да үш жыл қатарынан қатысып, оқушыларымыз жүлделі орындар алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынған 7 әдеби шығармасын да оқушылар қызыға және белсене оқуда.
Кітапқұмар ұстазбен кездесіп, пікір алмасуға ниетті жандар аз емес. Солардың қатарында әдебиетке қызығатын құқық қорғау саласының мамандары да бар. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кітап оқу адамды кемелдікке жетелеп, ой-өрісін кеңейтеді, сөзін де, өзін де тәрбиелейді.
Аяжан Тұрсын, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының маманы:
- Бос уақытымда кітап оқығанды жақсы көремін. Әр кітапты оқыған сайын жаңа сезім, жаңа ой түйемін. Мен үшін кітап оқу жан дүниеңмен сырласу. Әсіресе қыз балаларына психология ғой. Сол кітаптарды көбірек оқимын. Біздің құқық қорғау саласында кітап оқуға ешқандай кедергі келтірмейді. Кітап оқимын деген адамға уақыт әркез табылады.
Базарбай Дүйсенбаев үшін кітап – өмірлік серік. Ол алдағы бірнеше жылда оқыған шығармаларының санын 20 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #Тараз #Кітап оқитын ұлт #мұғалім #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz