RU
Толық нұсқаға өту

Ақтаулық ұстаз инклюзивті жоба ойлап тапты

13.10.2026, 20:51 26

Ақтаулық ұстаз Дариға Бекбосынова қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған инклюзивті жоба әзірледі.

 Педагог бастамасын жүзеге асыру үшін картон мен желім секілді қарапайым оқу құралдарын пайдаланған. Жоба арқылы оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, қоғам назарын инклюзивті білім беру мәселесіне аударуды мақсат еттім, дейді мұғалім.

Дариға Бекбосынова №15 мектеп-гимназияда сабақ береді. Бастауыш сыныпта қол-қимыл қозғалысының ерекшелігі бар балалар да оқиды. Ізденімпаз мұғалім ойлап тапқан жоба адам қолының құрылысымен таныстырып, буын сүйектері қай жерден бүгілетінін зерттеуге мүмкіндік береді. «Осы құралдың көмегімен саусақтарды иіп жазу арқылы шынықтыруға да болады», дейді ол.

Дариға Бекбосынова, бастауыш пәні мұғалімі:

- Инклюзия дегеніміз өзекті мәселенің бірі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың саны жыл сайын артып барады. Сондықтан біз оларды қолдау арқылы, түсіну арқылы, мотивация беру арқылы әрдайым олардың мүмкіндіктерін ашуға, кедергілерді азайтуға жол табуымыз керек. Әрбір ұстаздың міндеті сол деп ойлаймын.

Орынбасар Берік, оқушы:

- Біздің апай өзімізге қол өнерімен жұмыс жасауды үйретті. Қиын емес, мен мектепті бітіргеннен кейін үлкен ғалым болғым келеді. 

Балалардың СТЭМ бағытына қызығушылығын оятқан жоба аймақ ұстаздарының өзара тәжірибе алмасу алаңында үздік деп танылды. «Стэм, Эй-ай, Инновэйшн» тақырыбындағы дәстүрлі шара жас мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.

Өнертапқыш педагог ендігі кезек жобасын жетілдіріп, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді көмекші құралға айналдыруды мақсат еткен. Ғаламторда арнайы парақша жүргізіп, күнделікті жұмыс барысымен таныстыруды жоспарлап та қойған. 

Авторы Талғат Исламұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz