Алматыда жастар арасында кітап оқу чемпионаты басталды. Байқауға қатысушылар төрт шығарманың бірін оқып, сол кітап туралы бейнерецензия әзірлеуі керек. Үздік жұмыстардың авторлары ақшалай сыйлыққа ие болады, деп хабарлайды «24KZ».
Чемпионат «Оқитын ұлт» жалпыұлттық марафоны аясында ұйымдастырылып отыр. Жобаны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Skill All қысқамерзімді курстарының жобалық кеңсесі жүзеге асырады. Басты мақсат – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, сыни ойлау қабілеті мен өз пікірін дәлелді жеткізу дағдысын дамыту.
Қатысушылар төрт шығарманың бірін таңдай алады. Олар – Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я», Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» және Арман Әлменбеттің «Тергеуші» кітаптары.
Байқау шарты бойынша, қатысушылар таңдаған шығармасы туралы 1–3 минуттық бейнерецензия түсіруі қажет. Видеода кітаптың негізгі идеясын ашып, кемінде екі мысал келтіру және жеке қорытынды жасау міндетті.
Қатысу үшін алдын ала тіркеліп, Instagram желісінде кітаптың атауы мен #oqitynult хэштегі көрсетілген жазба жариялау керек. Дайын бейнерецензия да осы хэштегпен орналастырылуға тиіс.
Қазылар алқасы жұмыстарды төрт өлшем бойынша бағалайды: шығарманың мазмұнын түсіну, пікірді дәлелдеу, ой тұжырымдарының дербестігі, баяндаудың қисындылығы мен түсініктілігі. Ең жоғары ұпай – 100.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 400 мың теңге. Бірінші орын алған қатысушыға 100 мың теңге беріледі. Екінші орын иеленген екі қатысушының әрқайсысы 75 мың теңгеден, ал тағы үш жүлдегер 50 мың теңгеден алады.
Бейнерецензиялар 19 қазанға дейін қабылданады. 20–22 қазан аралығында қазылар алқасы жұмыстарды бағалап, 23 қазанда жеңімпаздар жарияланып, марапаттар табысталады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, чемпионат жастардың классикалық және заманауи әдебиетке қызығушылығын арттырып, оқыған шығармаларын талқылауға және өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Оқитын ұлт #чемпионат #жастар #Алматы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz