Шымкентте қосымша білім беруге бөлінетін бюджет қаражатын бақылау тәжірибесі таныстырылды. Қалада мемлекеттік тапсырыстың орындалуын қадағалап, негізсіз шығындардың алдын алуға бағытталған цифрлық жобалар жүзеге асырылды. Озық тәжірибе республикалық семинарда талқыланып, 11 өңірдің өкілдеріне үлгі ретінде ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.
Шымкентте шығармашылық, спорттық және білім беру үйірмелеріне 44 мың 800 бала барады. Олардың қабілетін жан-жақты дамыту үшін бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Семинарда пилоттық жобаның бәсекелістікті арттырып, қызмет сапасы мен қолжетімділікті жақсартуға сеп болғаны сөз болды.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
– Қосымша білім – бұл мемлекетті Конституцияда өзін әлеуметтік мемлекет етіп көрсетіп отырған қағидатты орындау. Ваучер қазір күн сайын беріліп отырады. Олай болатын себебі бұрын ваучер әр өнім берушіге берілетін болса, қазір әр жеке балаға беріледі.
Семинарда цифрлық бақылаудың заманауи тәсілдері де таныстырылды. Қалалық білім беру ұйымдарына енгізілген жасанды интеллект пен биометрия жүйесі есеп-қисаптағы бұрмалаушылықты анықтап, негізсіз шығынның алдын алуға мүмкіндік берді.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:
– Байланыс арнасы дұрыс болмаса, сіздер мен біздегі ақпараттық жүйелер мен серверлер арасында ақпарат алмасу өзекті болмайды. Сондықтан біз ең алдымен мемлекеттік мектептердегі интернет жылдамдығын 100 Мбит/с-қа дейін көтердік.
Жиынға министрлік пен ұлттық компания өкілдері, өңірлік әкімдердің орынбасары мен сала басшылары қатысты. Басқосуда пилоттық жобаның оң нәтижелері ортаға салынып, өзге өңірлерге үлгі етілді.
Стэлла Ибраева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары:
–- Пилоттық жобаның бұл жылында қыруар жұмыс атқарылды. Біз бүгін бір-бірімізден үйренуге, Шымкенттің тәжірибесін меңгеруге келдік. Өйткені барлық сараптама, статистика мен есептер қолымызда болғанымен, жергілікті жердегі шынайы ахуалды сезіну мүмкін емес.
Республикалық семинар ертең білім беру ұйымдарында жалғасады. Тәжірибелік сессияда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру, қаржыландыру және бақылау тетіктері терең таныстырылмақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #қосымша білім #бюджет #тәжірибеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz