Отандық ғалымдар әлемде жоғары сұранысқа ие металдарды өндіру және тазарту технологияларын жетілдірумен айналысады.
Аса маңызды стратегиялық жоба Бельгия ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Елімізде сирек металдардың 120-дан астам кен орыны бар. Соның үштен бірінде ғана зерттеу жүріп, тиісті барлау жасалған. Болашағы бар кен орындарының бірқатары елдің шығысында шоғырланған. Бірақ ол жерлердегі кенді алудан бұрын байытуға басымдық берген жөн дейді ғалымдар. Геологтар қзірдің өзінде 20 жылдан соң литийге деген сұраныс он есеге артатынын болжап отыр. Себебі былтыр электромобильдердің әлемдік сатылымы 20 пайызға өсті. Ал сол көліктерді қуаттайтын литий-ионды аккумуляторларға сұраныс 29 процентке артты. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары бельгиялық әріптестерімен бірлесіп, кен байытудың озық үлгісін жасауға ниетті. Олар бұрын қолданылған, яғни құрамындағы металл толық алынбаған кен қалдықтарын қайта өңдеуге болады дейді.
Ернат Қожахметов, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ зертхана меңгерушісі:
- Қазір Еуропа мен АҚШ-та сирек металдар тапшылығы өткір тұр. Сол дамыған елдердің металл өндірудегі тың технологияларын игеруіміз керек. Сол кезде шикізатқа тәуелді болмай, одан дайын өнім жасауға мүмкіндік туады.
Шала байытылған шикізатты экспортқа шығарғаннан көрі дайын өнім ретінде саудалау әрине тиімді. Ол үшін озық технология қажет. Сирек металдарды терең зерттеу ісін дамыту үшін Өскеменде арнайы институт құрылуда. Жергілікті ғалымдар бельгиялық әріптестермен бірлесіп дайын өнім жасау технологияларын жетілдіреді. Қазақстан бүгінде Еуропа мен АҚШ экономикасына аса қажет 20-ға жуық металл өндіреді. Олардың қатарында әлемде сирек кездесетін тантал, ниобий, бериллий, молибден және рений секілді элементтер бар.
Барт Бланпайн, Лёвен қаласындағы металдар және минералдар институтының профессоры /Бельгия/:
- Біздің университет бірлесіп жұміс істеуге дайын. Өзара ынтымақтастық пен серіктестік ғылым саласында өз жемісін береді деп ойлаймын. Бұл екі ел үшін стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда маңызды минералдарды экспорттау үшін барлық мүмкіндік жасалған. 2018 жылдан бастап геологиялық зерттеулерге бюджеттен 67 миллиард теңгеден қаражат бөлінді. Негізгі басымдық жер қыртысында шашыраңқы орналасатын сирек металдарды іздеуге берілген. Барлау жұмыстары нәтижесінде 11 алаңда 38 болашағы зор кен орыны анықталды.
Елдос Кәкенов, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #сирек металдар #институт #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz