Қазақстанда жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия шарттарының 60 пайыздан астамы білім беру саласына тиесілі. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ел бойынша осы салада 881 шарт жасалған, деп хабарлайды «24KZ».
Білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобалары мектептерді, балабақшаларды, студенттік жатақханаларды, мектеп асханаларын, дене шынықтыру және спорт аймақтарын, сондай-ақ мектеп қазандықтарын қамтиды. Мұндай әріптестік білім беру инфрақұрылымын кешенді дамытуға, оқуға, тұруға, тамақтануға және спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ оқу орындарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы салада жасалған шарттар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – 244 шарт. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы – 114, Абай облысы – 80 және Атырау облысы – 79 шарт.
МЖӘ аясында жүзеге асқан жарқын мысалдардың бірі – BINOM мектептері. Қазіргі таңда Астана қаласы мен Атырау облысында 36 мың оқушы орнына арналған барлығы 9 мектеп салынды (Астанада 6, Атырауда 3). Аталмыш жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 58,7 млрд теңгені құрады, ал қазір Атырауда тағы бір BINOM мектебінің құрылысы жүріп жатыр.
Бұл туралы «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Хамбаров атап өтті:
Бүгінде МЖӘ тетігі білім беру мен денсаулық сақтаудан бастап энергетика мен инфрақұрылымға дейін түрлі салада қолданылады. Жобалар өңірлердің нақты қажеттіліктеріне негізделіп, халыққа пайда әкелуге тиіс. Орталықтың міндеті – олардың сапалы әзірленуіне және тиімді іске асырылуына жәрдемдесу.
Қазақстанда 2008 жылдан бері барлығы 1 443 МЖӘ және концессия шарты жасалған. Оның ішінде 788 жоба іске асырылып жатыр, 499 жоба аяқталған, ал 156 шарт бұзылған.
Тегтер #МЖӘ #мектеп #экономика #24жаңалықтар #24KZ #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz