Ақмола облысының Шортанды ауданында тұратын агроном-ғалым Қанат Ақшалов жарты ғасырдан астам ғылым саласында еңбек етіп келеді.
Жақында ғана 76 жасқа толған тәжірибелі маман, Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында 54 жыл бойы табан аудармай тер төгіп жүр. Егде жасына қарамастан әлі де тың.
Иә, 80-ге таяған жасына қарамастан кейіпкеріміз әлі де қуатты. Бөлімдегі жас мамандармен бірге «ғылымды қалай дамытсам екен» деп, күндіз-түні дамыл таппайды. Ал агрономия ғылымына келуін нәпақасын жерден айырған ата-анасының тәрбиесімен байланыстырады. Себебі ауылда туып, ауылда өскен ол ес білгеннен ауыл шаруашылығымен айналысқан. Сөйтіп, бұл сала кейіннен оның өміріне айналды.
Қанат Ақшалов, ғалым-агроном:
«Мен бала кезімде әке-шешеммен бірге жер жыртып, егін сеуіп жүрген сәттерде, шөп шауып, мал жайғап жүрген кездерде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жақсы өмір сүрсе, ертеңгі күніне сенімді болса, жұмыстары өнімді болса деп ойлайтынмын. Мен ата-анам мен туыстарымның атқа соқа жегіп, жер жыртқанын көрген адаммын. Олар бәрін қолмен істейтін. Көп қиындық көретін. Міне соның бәрі менің аграрлық салаға келуіме, оның ішіндегі ғылым бағытын таңдауыма себеп болды деп ойлаймын».
Осылайша университетте «ғалым-агроном» мамандығы бойынша білім алған кейіпкеріміз, 1972 жылы оқу орнын бітіре сала А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына қатардағы ғылыми қызметкер боп орналасады. Ал оны Кеңес үкіметі кезінде топырақты эрозиядан қорғайтын егіншілік жүйесінің негізін қалаған атақты ғалым А.Бараевтың өзі жұмысқа қабылдаған.
Қанат Ақшалов, ғалым-агроном:
«Міне содан бері осындамын. Бүкіл өмірімді осы орталыққа арнадым. Жұмысқа кіші ғылыми қызметкер боп кіріп, бөлім басқардым. Бір кездері бас директордың орынбасары да болдым. Қазір Жерді өңдеудің адаптивті және агроландшафттық технологиялары зертханасының меңгерушісімін. Міндетім – еліміздің қуаңшылыққа бейім аймақтарында егістік жерлердің жаңа жүйесін ойлап табу, топырақты зерттеу. Ғылым климаттың өзгеруіне қарай егіншілерге бағыт-бағдар беріп, ғылыми әдістемелер әзірлеп отыруы тиіс».
Міне сол топырақты зерттеп, диқандарға бағыт-бағдар беруде, олар үшін ғылыми еңбектер әзірлеуде ғалым Ақшалов алдына жан салмайды. Бірақ «ғылыми еңбек жазам» деп кабинетте отырып алмайды. Керісінше егде жасына қарамастан егістік басына шығып, табиғаттың құбылуы мен топырақтың өзгерісін өн бойынан өткізеді. Ал бұл жолда оны арқаның даласына тән азынаған жел мен нөсер жауын да тоқтата алмайды.
Қанат Ақшалов, ғалым-агроном:
«Иә, мен көптен бері жұмыс істеймін, тәжірибем де жеткілікті, деп далаға жас мамандарды жіберіп, өзім жылы кабинетте отыра берсем де болады. Бірақ мен олай жасай алмаймын. Маған топырақты өз көзіммен көріп, қолыммен ұстап, ондағы өзгерісті жіті зерттеп, әбден көз жеткізіп алуым керек. Сонда ғана жаңа еңбек жазуға тың идея келеді. Жазған дүниең де нәтижелі әрі пайдалы болады».
Бірақ 76 жастағы адамға мұның бәрі оңай емес қой. Тіпті кейбір жастардың өзі мұндай жүріске, қала берді мұндай жұмысқа шыдамайды. Сөйтіп, кейіпкерімізден оның сергектігі мен сарқылмас ынта-жігерінің сырын сұрадық.
Қанат Ақшалов, ғалым-агроном:
«Мен өмір бойы өз денсаулығымды бақылауда ұстап келемін. Ең бастысы, спортпен айналысамын. Қыста шаңғы теуіп, түрлі марафонға қатысамын. Ал жазда бассейнге барып, триатлонмен шұғылданамын. Одан бөлек жүгіру мен белтемірге тартылу, яғни көпсайыс түрлері тағы бар. Салауатты өмір салтына балаларымды да баулыдым, отбасымызбен спортты серік етіп келеміз».
Бұдан бөлек ол ағылшын тілімен қатар жапон және неміс тілдерін де жетік біледі. 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның 20 шақтысы АҚШ, Жапония, Германия, Түркия және басқа да шет елдердің ғылыми басылымдарында жарық көрген. Ал Қазақстанда агрономия саласы бойынша 15 инновациялық патенттің иегері. Бірақ осының бәрі бір бойында бола тұра Қанат Ақшаловтың әлі күнге дейін бірде-бір ғылыми атағы жоқ.
Қанат Ақшалов, ғалым-агроном:
«Әрине қандай да бір ғылыми жетістік ғылыми дәрежемен бекітіліп жатады ғой. Бірақ мен ондайға мән бермеппін. Ашығын айтсам, атақ-даңққа құмартпадым. Менің бар ойым өз жұмысымды өте жауапкершілікпен сапалы әрі уақытылы атқару болды. Ал оған менің жерге деген махаббатым, сүйікті ісіме деген адалдығым сеп болған шығар деп ойлаймын».
Бірақ соған қарамастан кезінде Бараевтың батасын алған, кейіннен өзі де сол атақты ғалымның ізін жалғап, топырақты эрозиядан қорғау жолында тер төгіп жүрген білікті де білімді маманды шетелдік әріптестері арнайы іздеп келеді, шеберлік сабақ өткізуін өтінеді. Бұл да болса кейіпкеріміздің қандай жан екенін аңғартып тұрса керек.
Бақыт Ермұратов, Қ.Ақшаловтың әріптесі:
«Мен өзім әңгімелесіп отырамын. «Қанат Әшкеевич, енді сен жасың бәрі келді, енді былай жастарға беру керек. Өй, отыра алмаймын мен, шыдай алмаймын, дейді. Ол кісі сондай өмірі соған байланысты. Далаға шықпаса, мұнда келіп жұмыс істемесе, ол ауырып қалады. Жексенбі, сенбі күндері де жүгіріп осында институтта жүргенін көрем анда-санда келіп қалғанда. Сондай бір берілген адам. Аз да шығар ондай кісілер».
Кейіпкеріміздің арманы да осы саламен байланысты. Ғұмырының жарты ғасырдан астамын аграрлық ғылымға арнаған тәжірибелі ғалым, ауыл шаруашылығы техникасының бәрі өзімізде шығарылып, өнімділіктің артуына сеп болу үшін олар барынша жетілдірілсе, - дейді. Ал ең басты арманы әрі мақсаты – жерді топырағы сау күйінде өскелең ұрпаққа аманаттау.
Авторлары Дамир Берікұлы, Медет Қуанышбеков
Тегтер #Ақмола #ғалым #агроном #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz