RU
Толық нұсқаға өту

Алматылық оқушылар «ақылды қолғап» жасады

27.10.2026, 20:25 37

Жас өнертапқыштардың айтуынша, құрылғы ұсақ моториканы және қимыл-қозғалысты дамытуға көмектеседі. Саусақ жаттығуларын музыкалық ойынға айналдырады. Сенсор әр қимылды тіркеп отырады, деп хабарлайды 24KZ.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Нұрзат, Жанель және Айжан музыкалық технологияны ерекше мақсатта пайдаланды. Сыныптастарға бұл ой британиялық әншінің музыканы қолмен басқарғанын көргеннен кейін келген. Олар мұны медициналық-әлеуметтік көмекке бағыттауды жөн санайды. Сөйтіп, қимыл үйлесімі бұзылған балаларды оңалтуға арналған құрылғы жасап шығарды.

Айжан Жандос, NIS мектебінің 11- сынып оқушысы:

– Негізгі аудиториямыз – қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар балалар. Қолданыстағы әдістер аудиомоторлық басқарудың уақыттық аспектісін дамытуға жеткілікті деңгейде бағытталмаған. Соның салдарынан балалардың сыртқы тітіркендіргіштерге реакциясы баяу болуы мүмкін. Біз бұл мәселені музыка арқылы шешуді жөн көрдік. Өйткені музыка ырғақ арқылы уақытты сезінуді қалыптастырып, балаға қимылдарын үйлестіруге және әрекеттерін алдын ала жоспарлауға көмектеседі.

Мұндай жандарға қалам ұстау, ас үй құралдарын пайдалану немесе түйме тағудың өзі мұң. Ал «ақылды қолғаптың» әр саусағында датчик орнатылған. Ол қимылды арнайы қосымшаға жібереді. Экранда нұсқау көрсетіледі. Қолданушы әуен ырғағына сай саусақтарын уақытында бүгуі керек. Осылай жаттығулар музыкалық ойынға айналады. Бағдарлама қатені тіркейді. Ал дәл орындалған жаттығулар үшін ұпай береді.

Нұрзат Қасымов, NIS мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Алғашында сенсор дұрыс жұмыс істемеді. Қажетті датчиктерді таппадық. Осы сияқты мәселелерге тап болдық. Керек заттарды шетелден тапсырыс беруге тура келді. Сондай-ақ құрылғыны сынақтан өткізіп көру үшін адамдарды табу да қиын болды. Мәселен, коррекциялық, яғни түзету мектептерінің көбі түске дейін ғана жұмыс істейді. Ал бұл уақытта біздің сабағымыз болады. Сондықтан сынаққа қатысушыларды табу оңайға соқпады.

Жоба Алматыдағы тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балаларға арналған коррекциялық-түзету мектебінде сынақтан өткен. Оған қатысқан он баланың саусақ қимылы жақсарған. Жиналған деректер қосымшаның интерфейсін жетілдіруге көмектесті. Енді жас өнертапқыштар құрылғыны толыққанды өндіріске шығаруды жоспарлап отыр. Олардың өнертабысы халықаралық байқаудың финалына өтіп, команда 300 мың теңге сыйақы иеленді. Қазір жас зерттеушілер жобаны одан әрі жетілдіріп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айбек Ақшолақов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz