Елде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар.
Өкінішке орай, кейінгі жылдары ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер саны артып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге де жеке тоқталды.
Инклюзивті білім беру саласында маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы жүйелі түрде жүргізілуі керек. Бұл жұмысқа "Қазақстан халқына" қоры белсенді атсалысқаны жөн, деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзекті тақырып. Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке орай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуы тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет.
Салада педагогтердің тапшылығы бар. Осыған байланысты инклюзивті білім беруге мамандандырылған мұғалімдерді дайындау үшін жылына 800 грант бөлінеді. Бұрын бұл көрсеткіш 2-3 есе аз болатын. Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы Жәния Қадырбаева осылай дейді.
Жәния Қадырбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
- Ерекше қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуші 11 мыңнан астам арнайы педагог бар. Олар логопедтер, олигофренопедагогтер, сурдопедагогтер және тифлопедагогтер. Бізге тағы 3 мың маман жетіспейді. Әсіресе логопедтер тапшы. Бұл мәселе ірі қалаларда өзекті.
Ұлттық білім беру базасының дерегіне сәйкес, инклюзивті сыныптарда ерекше білім алу қажеттілігі бар 100 мыңға жуық бала оқиды. Үш жыл бұрын білім беру жүйесінде "жеке көмекші" деген жаңа қызмет түрі пайда болды. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларды сүйемелдеп, мектепке баруға жәрдемдеседі. Бүгінде осындай қызметтің түрін 150-ге жуық бала пайдаланды.
Авторлары Мирлан Алтынбек, Ернар Нысанбай
Тегтер #Елімізде #инклюзивті білім #жолдау 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz