RU
Толық нұсқаға өту

TUMO Astana орталығында балалар цифрлық технологияларды тегін меңгеріп жүр

01.11.2026, 15:30 46

Елорда жастары болашақтың мамандықтарын тегін меңгеріп жүр. Astana Hub жанындағы TUMO орталығында оқушылар цифрлық технологияларды игеріп, тың жобалар әзірлейді.

Мұнда балаларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

12 жастағы Әбия Мүбарак TUMO алаңында цифрлық музыканы меңгеріп жүр. Дыбыс жазуды, пианинода ойнауды үйренген. Тіпті қысқа метражды фильм түсіру жобасына да қатысқан.

 Әбия Мүбарак, TUMO Astana орталығының оқушысы:

- Мен мұнда кем дегенде тағы бір жыл оқуды жоспарлап отырмын, себебі маған бұл жер өте ұнады. Барлығы заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген. Мұғалімдер өте жақсы түсіндіреді.

Елорда оқушылары орталықта 11 бағыт бойынша тегін білім алады. Бағдарламалау, 3D-модельдеу, анимация, робототехника, кино және графикалық дизайнды меңгереді. Алғашқы айдан кейін өздері қызыққан төрт бағытты таңдап, тереңдетіп оқиды.

 Дана Тельжан, TUMO Astana орталығының Learning Coach маманы:

- Воркшоптарда оқушыларға арнайы жетекші көмектеседі. Ол осы саланы жетік игерген, кәсіби білімі бар және оқушыларды жоғары деңгейге жеткізе алатын сала маманы. Оқу ұзақтығы баланың оқу қарқынына байланысты, жалпы алғанда 6 айдан 2 жылға дейін жвлғасады. Олар өте креативті, ашық әрі өздеріне сенімді болып шығады.

Қазір орталықта 2,5 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін өтінімдер саны екі есе артуы мүмкін. Баланы тіркеу үшін ата-аналар мектептің әлеуметтік желілерін мұқият қадағалауы керек.

Айнұр Қуанышбаева, TUMO ASTANA орталығының директоры:

- Ата-аналар баласын TUMO Astana сайтында тіркеп, құжаттарын жүктейді. Келісім-шарт электронды поштаға жіберіліп, eGov Mobile арқылы қол қойылады. Содан кейін оқушы орталыққа шақырылады. 

Оқушылар алған білімдерін нақты жобаларда жүзеге асырады. Ойындар, мультфильм, музыка, фильмдер мен 3D-модельдер әзірлейді. Барлық жұмыс цифрлық портфолиода сақталып, кейін жоғары оқу орнына түсуге, байқаулар мен тағылымдамаларға қатысуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Авторы Дана Килибаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz