RU
Толық нұсқаға өту

Отандық ғалымдар жол сапасын жақсартатын қоспа ойлап тапты

07.11.2026, 13:00 52

Отандық ғалымдар өндіріс қалдықтарын пайдаланып, жол сапасын жақсартатын қоспа әзірледі, деп хабарлайды 24KZ.

Ол асфальттың суға төзімділігін арттырып, беріктігін күшейтеді. Зертханалық сынақтар жақсы нәтиже көрсеткен. Енді қоспа Қарақоға - Петропавл тас жолының 200 метрлік учаскесінде сыналып жатыр. Тиімділігі дәлелденсе, жаңа технологияны жол құрылысына енгізу жоспарланған. Президент те халыққа Жолдауында жол инфрақұрылымын дамыту және отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелерін басым міндеттердің бірі ретінде атап өтті.

Асфальтбетон жабынына тек битум шикізатын пайдалану жеткіліксіз. Жолдың беріктігін арттыруда полимер қоспалардың да орыны ерекше. Бірақ бұл Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын тәсіл. Бағасы өте қымбат болған соң біздің елде әзірге қолданысқа ене қойған жоқ. Отандық ғалымдардың жаңалығы өндіріс қалдықтарын пайдалану арқылы шығынды азайтуды көздейді.

Юлия Бызова, М. Қозыбаев атындағы СҚУ "Химия және химиялық технологиялар" кафедрасының меңгерушісі:

- Біз қоспамызда 2 компонентті қолдандық. Біріншісі жарамсыз болып қалған сұйықтық. Оны жылу электр орталығынан алдық. Екіншісі мұнай-химия өндірісінің қалдықтары. Бұл арқылы жол аязға және ылғалға төзімді болады. Университетіміздегі базалық жабдықтар аздық етті. Сондықтан 4 жаңа жабдық сатып алдық.

Зертханалық сынақтар жақсы нәтиже көрсетті. Жаңа қоспа негізінде дайындалған асфальттың суды сіңіруі азайып, есесіне беріктігі 50 пайызға артқан. Жоғары температураға төзімді әрі экологиялық тұрғыда тиімді екен. Жылына 10 мың тонна битум өндіру кезінде 10 тоннаға дейін өндіріс қалдығын қайта пайдалануға болады дейді ғалымдар.

Антонина Дюрягина, М. Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры:

- 3 жарым жыл бұрын министрліктен жол жабынын зерттеу бойынша грант ұтып алдық. Барлық өтінім мақұлданды, қажетті қаржы бөлінді. Бүгінде инновациялық әдісіміз ресми түрде патенттелді. Құжаттарымыз толық дайын. Бұл технология жолдардың сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізеді деп сенеміз.

Қоспа тәжірибе ретінде Қарақоға - Петропавл тас жолының 200 метрлік бөлігіне төселді. Жол құрылысы саласының мамандары оның нақты тиімділігін уақыт көрсетеді дейді.

Қанат Исаев "Стройэксперт" сынақ зертханасы" ЖШС директоры:

- Біз үш түрлі үлгіні салыстырып сынадық. Олар кәдімгі асфальт, басқа өндірушінің қоспасы және университет мамандары әзірлеген материал. Нәтижесінде әрқайсысының көрсеткіштері әртүрлі болды. Университет ұсынған қоспа сынақтан жақсы нәтиже көрсетті.

Мамандар күзгі-қысқы және көктемгі кезеңдерде жолдың жағдайын бақыламақ. Жабында жарықтар мен ойықтардың пайда болуы, беріктігі мен суға төзімділігі тексеріледі. Егер жаңа қоспа сынақтан сәтті өтсе, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында пайдаланылмақ. 

Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz