Қазақстанда ғылыми зерттеулердің экономикаға берер пайдасын арттырып, отандық жаңалықтарды өндіріске енгізу қажет. Бұл үшін ғылым, жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерінің байланысын күшейтіп, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға басымдық беру маңызды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Академиктің пікірінше, ғылым мен инновация ел дамуының стратегиялық бағытына айналуы керек. Себебі экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен жаңа технологиялардың дамуы тікелей ғылыми әлеуетке байланысты. Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясы 2026–2037 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірлеген. Құжатта ғылымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру міндеттері қамтылған.
Еліміз ғылыммен бірге қуатты болады. Ғылым болған кезде ғана біздің еліміз алға басып, дамыған елдердің қатарына қосылады. Сол себепті қазір жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі керек, - деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Ғылымның дамуы білікті мамандар даярлаумен де тығыз байланысты. Сарапшы қазіргі білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу қажет екенін айтады. Оның сөзінше, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларының басым бөлігін жұмыс берушілермен бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік берілген. Бұл ретте студенттер теориялық біліммен шектелмей, оқу барысында өндіріс орындарында тәжірибе жинақтауы керек.
Бүгінде маман даярлауда тек теориялық білім беру жеткіліксіз. Өндіріс орындарымен, бизнес өкілдерімен бірлесіп, нақты сұранысқа сай кадр дайындау қажет. Студенттер екінші курстан бастап зауыттар мен фабрикаларға барып, тәжірибе жинақтағаны маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, дуалды оқыту жүйесінің маңызы зор, - деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Академик отандық ғылымның тағы бір өзекті мәселесі – ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін ғалымдардың зерттеулері мен әзірлемелерін кең көлемде қолданысқа енгізу қиын болған. Сондықтан ғылыми жобаларды коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру және ғылымға қаржы салатын кәсіпкерлер мен меценаттарға қолайлы жағдай жасау қажет.
Ғалымдарымыз бар, ғылыми жаңалықтарымыз бар. Алайда оларды өндіріске кең көлемде енгізуге мүмкіндік жеткіліксіз болды. Сондықтан ғылымды коммерцияландыруға, бизнес өкілдерін осы салаға тартуға басымдық беруіміз керек. Университет, ғылым және өндіріс – бірлесе жұмыс істеуі тиіс үш негізгі бағыт, - деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Сұхбат барысында Кәрімбек Құрманәлиев қоғамның жаңғыруы мен жас ұрпақ тәрбиесіне де тоқталды. Оның пікірінше, жаңа тұрпаттағы азаматтарды қалыптастыру үшін ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отаншылдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу маңызды. Бұл жұмыс ең алдымен отбасынан басталуы керек.
Академик әсіресе әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп пен балабақшаға ғана жауапкершілік артып қою дұрыс емес. Ата-ана баласына өз ісімен үлгі болуы керек.
Егер жаңа тұрпаттағы Қазақстанды құрамыз десек, жаңа көзқарастағы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін біз, үлкендер, жастарға өзіміз үлгі болуға тиіспіз. Тәрбие отбасынан басталады. Әсіресе әкенің бала тәрбиесіндегі орны ерекше, - деді академик.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ғылым #ғылым саласы #академик
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz