RU
Толық нұсқаға өту

Ерекше қажеттілігі бар балаларға қандай қолдау көрсетіледі

09.11.2026, 15:10 56

Елімізде 3.5 мыңға жуық арнайы педагог жетіспейді. Кей өңірде ерекше қажеттілігі бар балалар маман көмегін бір жарым жылға дейін күтеді. Ал мектептегі педагог-ассистенттің қолдауы жеткілікті ме? Балалардың сапалы білім алып, қоғамға бейімделуі үшін қандай жағдай жасалуы керек? 

Ерекше білім беру қажеттілігі бар бір баланы мектепке бейімдеу үшін бірнеше маман жұмылғаны азбал. Оған педагог, логопед, дефектолог, психолог және педагог-ассистенттің көмегі қажет. Мәселен, Елордадағы №92 мектеп-лицейінде оқитын Әлинұрмен осындай мамандар бірлесіп жұмыс істейді. Солардың бірі – педагог-ассистент Данара Аманбекова.

Данара Аманбекова, Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің педагог-ассистенті:
- Біздің мақсатымыз – тек қана мектеп бағдарламасын үйрету емес, сонымен қатар өмірге пайдалы заттарды үйрету. Сол себепті де бізде оқушылар жан-жақты дамиды. Сабақта керек жағдайда оқушыға көмектесеміз. Материалды түсіну, басқа да қажеттіліктеріне көмек береміз. Былтырғы оқу жылына қарағанда адамдардың қазіргі мінез-құлқы, тәртібі өзгерген. Әрине, жақсы жаққа, ол бізді өте қатты қуантады. Бұл біздің командамыздың және де ата-аналардың бірлескен жұмысы деп білемін.

Оқушының қабілетін дамыту үшін арнайы түзету сабақтары да өткізіледі. Әлинұр аптасына бірнеше рет логопед пен дефектологтың сабағына қатысады. Мұнда сөйлеу, қарым-қатынас жасау, кеңістікте бағдарлану және күнделікті тұрмыста өздігінен әрекет ету дағдыларына басымдық беріледі. Жұмыс әр баланың қажеттілігіне сай жүргізіледі.

Жаннұр Әкімжан, Ақжан әл-Машани атындағы № 92 мектеп-лицейінің педагог- логопеді:
- Жалпы менде күніне топтық және жеке сабақтарды санағанда оқушы саны 10-15 болып табылады. Ал педагог-логопедтің, яғни менің негізгі жұмысымның мақсаты – балалардың сөйлеу дағдыларын дамыту, түзету. Сонымен қатар сөздердің, жеке бір дыбыстардың сөйлемде, сөзде дұрыс айтуын қадағалау.

Қазір мұнда 2600-ден астам оқушы білім алады. Оның 80-ге жуығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Бесеуі денсаулық жағдайына байланысты үйде оқиды. Ал 35 оқушыға педагог-ассистент бекітілген. Оқу ордасында арнайы мамандардан бөлек, мұғалімдер де сабақ мазмұнын баланың мүмкіндігіне қарай бейімдейді. Айталық, мұнда сенсорлық бөлме де балалардың қажеттілігіне сай жабдықталған.

Оразгүл  Жолдасбекова, Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің директоры:

- Мектебімізде 79 балаға сабақ беріп жүрген 30-ға тарта арнайы мамандар бар. Оның ішінде педагог-дефектолог, педагог-ассистенттер, әрқайсысының өзінің рөлі бар. Ал әр сыныпта кемінде мектепте 2-3 баладан ерекше бала білім алып жатыр. Ол балаларға сол сыныптың мұғалімі 25 балаға басқаша жоспар жасаса, сонда отырған 3 баланың ерекшелігіне сәйкестендіріп, бейімдеп, оларға бөлек жоспар жасайды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Елімізде 541 ұйым жұмыс істейді. Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында 20 өңірде 1 мың орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер, сондай-ақ облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар салу көзделген.

Бекзат Төреқұлова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының м.а.:
- Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер ашу нормативін қайта қарау көзделіп отыр. Қазір бір кеңес беру қызметі 50 мың балаға есептелген. Бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл өңірлердегі кеңес беру желісін кеңейтіп, балалар мен ата-аналар үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мамандандырылған ұйымдардың санын көбейтумен қатар, медициналық, әлеуметтік және білім беру салаларының жұмысын үйлестіру де маңызды. Осы мақсатта Құрылтай депутаттары ерекше қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасын әзірледі.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Дастан Әмірбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz