RU
Толық нұсқаға өту

Ғылым саласында саннан сапаға көшетін уақыт жетті - депутат

11.11.2026, 14:19 27

Қазақстан ғылымын дамытуда цифрландыруды кеңінен енгізу, ғылыми жобаларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және жас ғалымдарға қойылатын талаптарды қайта қарау маңызды. Бұл туралы ҚР Құрылтайының депутаты, жас ғалым Дидарбек Ділдәбек «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, ғылым саласындағы өзекті мәселелердің бірі – ғылыми жобаларды жүзеге асыру барысында кездесетін бюрократиялық кедергілер. Қазіргі таңда ғалымдар конкурстық құжаттамаларды әзірлеуден бастап, жобаның қорытынды есебін тапсыруға дейін көптеген қағазбастылыққа тап болады. Мұның өзі ғылыми зерттеулерге бөлінетін уақыт пен күшке кері әсерін тигізеді.

Осы ретте Дидарбек Ділдәбек ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нақты нәтижесіне дейінгі барлық кезеңді цифрлық форматта бақылау қажеттігін атап өтті.

Цифрландыру арқылы негізгі ақпараттарды уақытылы өңдеп, бюрократиялық мәселелерді азайтуға болады. Әсіресе білім мен ғылым саласында цифрландырудың маңызы ерекше. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану ғылыми-сараптамалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен қатар депутат ғылым саласындағы кемшіліктерді тек бір тараптан бағалауға болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, ғылыми жобаларды іске асыруда министрлікпен қатар ғалымдардың, сарапшылардың және ғылыми ұйымдардың жауапкершілігі мен ұсыныстары да ескерілуі керек.

Жас ғалымдарға қойылатын талаптарды қайта қарау қажет

Сұхбат барысында депутат жас ғалымдарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі «Жас ғалым» бағдарламасына қатысу кезінде белгіленген жас және еңбек өтіліне қатысты талаптар кейбір зерттеушілердің мүмкіндігін шектейді.

Мәселен, бағдарламаға қатысу үшін 44 жасқа дейінгі және кемінде 10 жылдық еңбек өтілі бар азаматтарға қойылатын талаптар бар. Алайда әр адамның ғылыми жолы әртүрлі қалыптасады. Бірі докторантураны ерте аяқтаса, енді бірі отбасылық жағдайына немесе өндірісте еңбек етуіне байланысты ғылымға кейінірек келуі мүмкін.

Кейбір азаматтар 28 жасында ғалым атанса, енді біреулердің ғылым жолы 40 жасында басталуы мүмкін. Сондықтан жастық межеден асып кеткен адамның ғылыми әлеуеті төмен деп айтуға болмайды. Керісінше, оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби білімі маңызды жаңалық ашуына негіз болуы мүмкін. Осы мәселеге кеңірек қарауымыз керек, – деді Дидарбек Ділдәбек.

Депутаттың пайымынша, жас ғалымдарды қолдау жүйесінде формалды көрсеткіштерден гөрі зерттеудің сапасы мен нақты нәтижесіне басымдық берілуі тиіс.

Ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптар әр салаға сай болуы керек

Сондай-ақ сұхбатта ғылыми мақалаларды халықаралық Scopus базасына кіретін журналдарда жариялау мәселесі көтерілді. Дидарбек Ділдәбек барлық ғылыми бағытқа бірдей талап қоюды құптамайтынын айтты. Оның сөзінше, жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық бағыттардың өзіндік ерекшеліктері бар.

Мәселен, география және экология салаларындағы зерттеулерді халықаралық ғылыми журналдарда жариялау мүмкіндігі кеңірек болғанымен, қазақ тілі, әдебиеті, филологиясы және Қазақстан тарихы сияқты бағыттарда бірқатар қиындық кездеседі. Себебі мұндай зерттеулердің басым бөлігі қазақ тілінде жазылады және халықаралық басылымдардың тақырыптық аясына сәйкес келе бермейді. Осыған байланысты депутат отандық ғылыми журналдар мен монографиялардың маңызын арттыру қажеттігін атап өтті.

Мен барлық салаға бірдей талап қоюды дұрыс деп есептемеймін. Әр ғылыми бағыттың өзіндік ерекшелігі бар. Гуманитарлық ғылымдардағы зерттеулерді де олардың мазмұнына, өзектілігіне және ғылыми маңызына қарай бағалау керек. Кейбір еңбектерді халықаралық журналдарда жарияланбаса да, маңыздылығына қарай мойындау қажет, – деді ол.

Басты міндет – ғылымның сапасын арттыру

Депутат ғылым саласында атқарылып жатқан оң жұмыстарды да атап өтті. Атап айтқанда, жас ғалымдарға тұрғын үй беру, шетелдік тәжірибе алмасу бағдарламалары және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемінің артуы салаға көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі екенін жеткізді.

Сонымен бірге ғылымды дамыту бір-екі жылдың ішінде шешілетін мәселе емес екенін ескертіп, жүйелі реформалар мен барлық тараптың бірлескен жұмысы қажет екенін айтты.

Дидарбек Ділдәбектің пікірінше, ғылыми жобаларды цифрландыру, жас ғалымдарға мүмкіндік беру, ғылыми жарияланымдарды бағалау жүйесін жетілдіру және зерттеулердің нақты нәтижесіне басымдық беру – Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz