Қазақстанның үш жоғары оқу орны климаттың өзгеруі мен экологиялық тұрақтылыққа қатысты алты ғылыми жобасын халықаралық қауымдастық назарына ұсынды. Отандық ғалымдардың әзірлемелері Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның COP31 климаттық саммиті аясында таныстырылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстанның ұлттық павильонында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жобалары қойылды. Ғылыми әзірлемелер қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін қамтиды.
Саммит аясында Орталық Азиядағы су ресурстары мен мұздықтарды зерттеу мәселелеріне арналған панельдік сессия да өтті. Оған Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мен Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қатысты.
Динара Щеглова елімізде гляциология, криосфераны зерттеу және су ресурстарын басқару бағытында жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ал Мансұр Ошурбаев жаңа Су кодексі су қорын қорғау, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қамтитынын айтты.
Айта кетейік, COP31 конференциясы Анталия қаласында 9-20 қараша аралығында өтіп жатыр
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #COP31Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz