Қазақстан Global Innovation Index 2026 халықаралық рейтингінде 139 елдің арасында 73-орынға тұрақтап, бір жылда сегіз сатыға көтерілді. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Рейтингтегі оң динамика жоғары технологиялық өнімдер экспорты мен өндірістің күрделілік деңгейі көрсеткіштерінен де байқалады. Атап айтқанда, жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша Қазақстан тоғыз сатыға жоғарылап, 27-орынға, ал өндіріс пен экспорттың күрделілік деңгейі бойынша 29 сатыға көтеріліп, 54-орынға жайғасты.
Инновациялық дамуды одан әрі ынталандыру мақсатында 2026 жылғы қазанда 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама бекітілді. Құжат ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Жаңа модельде қаржыландыру тәсілі өзгеріп, нақты технологиялық және экономикалық нәтижелерге басымдық беріледі. Сондай-ақ стартаптарды қолдау, венчурлік нарықты дамыту және ғылым мен бизнестің байланысын нығайту көзделген.
Министрліктің мәліметінше, елдегі инновациялық белсенділік деңгейі 11,9 пайызға жеткен. Ал ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызын құрады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Global Innovation Index 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz