RU
Толық нұсқаға өту

Университеттер рейтинг қуаламай, білім сапасын көтеруі керек – СДУ ректоры

20.11.2026, 10:36 29

Қазақстанның өңірлік білім хабына айналу жолындағы негізгі міндеттердің бірі – жоғары білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру. Бұл үшін университеттер рейтинг қуалаудан гөрі ішкі сапа мәдениетін қалыптастырып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуы керек. Сонымен қатар дарынды жастарды елде ұстап қалу, шетелдік ғалымдармен әріптестік орнату және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне тиімді енгізу маңызды. Бұл туралы СДУ университетінің ректоры Арман Жұмажанов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты. 

Ректордың сөзінше, халықаралық рейтингтер университет жұмысының белгілі бір деңгейдегі көрсеткіші болғанымен, білім сапасын бағалаудың жалғыз өлшеміне айналмауы керек. Себебі оқу орындары үшін басты мақсат – нақты білім мен ғылымның нәтижесіне қол жеткізу.

Рейтингтер университеттеріміздің бір айнасы болып саналады, бірақ нысана емес. Біз университеттерде формализмнен, жатандылықтан арылуымыз керек. Білім мен ғылым формализмге берілетін орын емес, – деді Арман Жұмажанов.

Оның пікірінше, халықаралық стандарттарға сай білім беру үшін әр университет ең алдымен өз ішінде сапа мәдениетін қалыптастыруы қажет. Ал сыртқы бағалау жүйелері осы жұмыстың нәтижесін көрсететін құрал болуы тиіс.

Шетелдік университеттер – бәсекелес әрі серіктес

Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, халықаралық ғылыми орталықтар жұмыс істеп жатыр. Бұл отандық университеттерге жаңа мүмкіндіктермен қатар, бәсекелестік те әкеледі. Алайда СДУ ректоры бұл үдерісті тек бәсеке ретінде қарастыруға болмайтынын айтады.

Халықаралық университеттердің келуі еліміздегі ғылыми әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Қазір Қазақстанда 11 елден келген 600-ден астам профессор жұмыс істейді. Олардың жергілікті ғалымдармен және студенттермен бірлескен жұмысы білім мен ғылымның дамуына мүмкіндік береді, – деді Арман Жұмажанов.

Сонымен қатар жоғары білім жүйесінде студенттер саны да артып келеді. Арман Жұмажанов келтірген мәліметке сәйкес, былтыр елдегі студенттер саны 31 мың болса, биыл 41 мыңға жеткен. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңнан асыру көзделіп отыр.

Ғылым өндіріспен байланысуы керек

Жоғары білім саласындағы тағы бір маңызды мәселе – ғылыми зерттеулердің нақты экономикаға пайда әкелуі. Ректордың пікірінше, Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға мүмкіндік бар. Алайда университеттер мен өнеркәсіп орындарының арасындағы байланыс әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.

Мысал ретінде Германия тәжірибесін келтірді. Оның айтуынша, бұл елде ғылыми институттардың қаржыландыруының үштен бірі өнеркәсіп пен өндіріс орындарынан түседі.

Менің ойымша, кедергі ғалымдарда да, мемлекетте де емес. Мәселе ынталандыру жүйесінде болуы мүмкін. Университеттер мен өнеркәсіп орындары бір экожүйе құрып, бірге жұмыс істеуі керек, – деді Арман Жұмажанов.

Ол әлемдік жоғары білім саласында кең таралған problem solving, яғни нақты проблемаларды шешу тәсілін енгізуді ұсынады. Бұл модель бойынша өндіріс орындары университеттерге өзекті мәселелерін жеткізеді. Ал оқу орындары оқытушылар мен студенттерден зерттеу топтарын құрып, сол мәселелердің ғылыми шешімін әзірлейді.

Дарынды жастарды елде қалай сақтап қаламыз?

Қазақстандық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, халықаралық физика олимпиадасында отандастарымыз бес алтын медаль иеленген. Алайда осындай дарынды жастардың бір бөлігі жоғары білім алу үшін шетелдік университеттерді таңдайды.

Арман Жұмажановтың айтуынша, мәселе тек грант бөлумен шешілмейді. Өйткені әлемнің жетекші университеттері қазақстандық талапкерлерге тегін оқу мүмкіндігін ұсынып отыр. Сондықтан отандық жоғары оқу орындары талантты жастарға сапалы білім беретін және олардың ғылыми әлеуетін дамытатын орта қалыптастыруы қажет.

Біз студенттерге грант берсек те, олар бізге келмеуі мүмкін. Себебі оларды оқыта алатын, ұстап қала алатын экожүйе олардың қажеттілігіне сай болмауы мүмкін, – дейді ректор.

Оның пікірінше, шетелге кеткен жастарды елге қайтарудың жалғыз жолы – олардың халықаралық тәжірибесін Қазақстанның ғылымы мен экономикасына пайдалану.

Бұл ретте Мемлекет басшысы көтерген brain drain, яғни «ақыл-ойдың сыртқа кетуі» ұғымынан brain circulation – «ақыл-ой айналымына» көшу маңызды.

Жастарымыз шетелге кетті делік. Бірақ біз олармен сол жерде де жұмыс істеуіміз керек. Олар халықаралық университеттер мен ғылыми ұйымдар арасында көпір бола алады. Шетелде жүрген ғалымдарымызбен бірлескен зерттеулер жүргізіп, халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуымыз қажет, – деп түсіндірді Арман Жұмажанов.

Жасанды интеллект студенттің ойлау қабілетін алмастырмауы керек

Білім беру саласындағы тағы бір үлкен өзгеріс – жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы. Қазір студенттер түрлі тапсырмаларды орындауда жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Алайда оның қаншалықты тиімді қолданылып жатқаны өзекті мәселе болып отыр.

СДУ ректорының пікірінше, бұл жағдайда ең алдымен оқытушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Өйткені педагог жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін жақсы түсінгенде ғана студенттерге дұрыс бағыт-бағдар бере алады.

Біз жасанды интеллектіден қорықпай, оны басқара алатын оқушылар мен студенттерді тәрбиелеуіміз керек. Оқытушыларымыз алдымен өздері үйренуі қажет. Сонда студенттің жасанды интеллектіні қалай қолданып отырғанын да бағалай алады – деді Арман Жұмажанов.

Ректордың айтуынша, жасанды интеллектіні тапсырманы толық орындауға пайдаланған студенттің өз бетінше ойлау және талдау қабілеті әлсіреуі мүмкін. Сондықтан білім беру жүйесінде технологияны дайын жауап алу құралы емес, білімді тереңдетуге көмектесетін құрал ретінде қолдануға басымдық берілуі тиіс.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz