Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті ұлттық университет мәртебесіне ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Халықаралық стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді. 83 жылдық тарихы бар жоғары оқу орны үшін бұл шешім жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Ендігі міндет – білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту. Бұл туралы университеттің басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Ректордың сөзінше, ұлттық мәртебе беру туралы шешімді университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдары мен студенттері ерекше қуанышпен қабылдаған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біздің университетке ұлттық университет мәртебесін берді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Енді білім сапасын, ғылыми зерттеулерді, инновациялық жұмыстарды күшейтіп, тәрбие жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек, – дейді Мұхтар Төлеген.
Оның сөзінше, жаңа мәртебе университеттің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім мен ғылым саласындағы жұмысын жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.
Шетелдік университеттермен әріптестік кеңейеді
Қазір Мұхтар Әуезов атындағы университет халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп отыр. Соның бірі – АҚШ-тағы Arizona State University-мен серіктестік. Америкалық университеттің филиалы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің базасында ашылған. Мұнда екі жылдан бері 60-қа жуық студент Computer Science мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Сонымен қатар университеттің Өзбекстандағы Шыршық қаласында филиалы жұмыс істейді. Қазір онда 812 студент оқиды.
Ректордың пікірінше, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнату Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан өңірлік білім хабына айналуы мүмкін
Халықаралық университеттер филиалдарының ашылуы елімізге шетелдік тәжірибені тартумен қатар, ғылыми әлеуетті шоғырландыруға жол ашады. Мұхтар Төлегеннің айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы жоғары білім саласының маңызды орталығына айналып келеді.
33 филиалдың ашылуы халықаралық әлеуметтік, білім және ғылыми әлеуетті Қазақстанда шоғырландыруға, халықаралық тәжірибені таратуға мүмкіндік береді. Еліміз өңірлік білім хабына айнала алады, – дейді университет басшысы.
Оның пікірінше, мұндай бастамалар отандық жоғары оқу орындарының дамуына серпін беріп, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтеді.
Жоғары білімді өңірлерде дамытуға басымдық беріледі
Бұған дейін жоғары оқу орындарының басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланғаны белгілі. Соңғы уақытта мемлекеттік саясат аясында өңірлердегі білім инфрақұрылымын дамытуға да назар аударылып келеді.
Мұхтар Төлегеннің айтуынша, бұл бағытта жаңа кампустар мен технопарктер салу маңызды. Ол Мемлекет басшысы жариялаған халықтық құрылыс жобасының да білім беру саласын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Біз үлкен кампустарды өзіміз салатын боламыз, сондай-ақ технопарктер саламыз, – деді ректор.
Мұхтар Әуезов атындағы университеттің ұлттық мәртебе алуы отандық жоғары білім жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі болып отыр. Алдағы кезеңде оқу орнының алдында білім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, ғылыми-инновациялық әлеуетті арттыру және өңірдегі жоғары білім инфрақұрылымын дамыту міндеттері тұр.
Тегтер #ұлттық мәртебе #білім және ғылым #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz