Жамбыл облысында 63 мыңнан астам оқушы тегін қосымша біліммен қамтылған. Өңірдегі білім беру ұйымдарында ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педагогикалық, қолөнер және спорттық бағыттағы 1300 үйірме жұмыс істейді. Алдағы жылдары аймақта тағы 5 орталық ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Тараздағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында 7 мыңнан астам бала тегін үйірмеге қатысады. Бірі сурет салса, енді бірі қыш құмыра жасайды. Спортпен шұғылданып, робототехника мен модельдеуді меңгеріп жатқандары жетерлік. Хореография студиясында би үйреніп, ұлттық аспаптарды жанына серік еткен талантты бала баршылық.
Айсұлтан Бейсенәлі, оқушы:
– Мен осы «Өрлеу» оркестрінің құрамындамын. Бұл жерде біз көптеген концертке қатысамыз. Өзіме домбыра тартқан ұнайды. Мен келешекте осы домбыра саласын жалғастырып, көптеген музыканттар сияқты болғым келеді.
Мансұр Жетпісбай, оқушы:
– Мұғалімдер жақсы түсіндіреді. Домбыралары да сапалы. Бұл жерде менің мақсатым өскен кезде мықты күйші болу. Мысалы, Құрманғазы сияқты күйші болу.
Жалпы оқушылар сарайында 85 үйірме, 600-ден астам топ бар. Бәрі тегін. 100-ден аса педагог жеткіншектерді өнер-білім мен спортқа баулып жатыр. Педагогтердің тынымсыз еңбегі мен тәрбиеленушілердің ынтасының арқасында бір жылда облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардан 800-ден аса жүлде алған.
Арайлым Әлекеева, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының директоры:
– Ғылыми-техникалық бағытта робототехника, ІТ саласы, 3D модельдеу, анимация және мультипликация үйірмелері қазіргі таңда жоғарғы деңгейде жұмыс атқарып жатыр. Сондай-ақ биылғы оқу жылында біз бизнес инкубатор деген үйірмені ашып, қазір соның жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұны ашу себебіміз балаларды болашақ бизнеске даярлау. Ертең бәсекелестікке қабілетті болатындай балаларды тәрбиелеп шығу.
Өңірде 79 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік мекеме. Оларда ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педагогикалық, қолөнер және спорт бағыттары қамтылған.
Эльмира Амангелдина, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
– 61 қосымша білім беру мекемесінің 19-балалар шығармашылық орталықтары. 14-өнер мектебі. Аталған мекемелерде 63 мыңнан астам оқушы қосымша біліммен қамтылған. Жалпы үйірмелердің саны 1300 ден астам.
2030 жылға дейін өңірде қосымша білім беретін 3 мекеме және балаларға арналған 2 сауықтыру орталығын ашу жоспарланып отыр. Жаңа нысандар Тараз қаласында, Жуалы және Қордай аудандарында бой көтереді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев
Тегтер #Жамбыл облысы #оқушы #қосымша білімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz