RU
Толық нұсқаға өту

Бейнеу мектептерінде оқушылар жасанды зерде арқылы мамандық таңдайды

29.11.2026, 08:49 38

Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекеніндегі оқушылар мамандық таңдауда жасанды зерде мүмкіндіктерін пайдаланады.

Елдегі ең үлкен ауылдың барлық мектебі жаңа кәсіптік бағдар беру жүйесіне қосылған. Зияткерлік бағдарлама арқылы оқушылар түрлі мамандықтардың қыр-сырын біліп, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер туралы ақпарат ала алады.

Бейнеулік оқушылар жасанды зерде көмегімен өз қабілетін бағалап, қызығушылығына сай мамандықтарды анықтай алады. Болашақ мамандығын таңдауға дайындалып жүрген жеткіншектер арнайы платформада тест тапсырады. Ақылды бағдарлама сұрақ-жауап нәтижелерін зерделеп, әр балаға сәйкес келетін кәсіптік бағытты ұсынады.

Нұрсәт Берікбай, оқушы:

- Мен осы құрал арқылы өзім болашақта таңдайтын мамандықты білдім. Бұл бізге мамандық таңдауға көмектесетін заманауи құрал десек те болады. Мен болашақта әнші болуды армандаймын. Мен үшін көрсетіп тұрған мамандық осы шығармашылықты көрсетіп тұр. 

«Kásip álemi» деп аталатын кәсіптік бағдар беру кеңістігі арқылы балалар қазір сұранысқа ие мамандық түрлерімен таныса алады. «Ал «AI Профориентатор» платформасы оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, болашақта еш қиындықсыз меңгеруге болатын кәсіптерді ұсынады. Жаңа жүйе педагогтерге де көмекші құрал болады, дейді мамандар.

Сымбат Наурызбай, Күйкен жалпы білім беретін мектебінің директоры:

- Бұл өте күрделі көмекші мамандық бізге. Себебі бағытын әлі таңдай алмай жүрген, өзінің әлі кім боларын білмей жүрген, мамандық таңдай алмай жүрген оқушылар үшін үлкен көмек болды. Толық ақпарат берілген. Қалаған университет, қалаған қаласын таңдай алады. Университетті QR-лаған кезде барлық мамандықтың түрлері шығады. 

Жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына жасанды интеллект енгізу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асты. Игі бастама ауыл балаларына цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашқан. Кәсіптік бағдар беру құралы балаға бір реттік кеңес берумен ғана шектелмей, кәсіби мамандыққа таңдау жасауын жүйелі түрде сүйемелдеуге бағытталған.

Авторлары Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz