Биологиялық белсенді қоспалар кей тұтынушылар үшін ем емес, кеселге айналып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Интернет дүкендерде ашық саудаланып жатқан қоспалардың арасында жарамдылық мерзімі өтіп кеткендері де, ағзаға қауіптісі де табылған. Дей тұрғанмен, өнім дәрілік препаратқа жатпаған соң дәрігердің кеңесін қажетсінбей, өз бетінше қоспаны уыстап ішетіндердің қатары ұлғайып келеді. Мәліметтерге сенсек, 2023 жылы мұндай қоспалардың отандық нарықтағы көлемі 200 миллион долларға жуықтап, сатылым көрсеткіші жыл сайын 11%-ке өсіп отыр.
Наурыз айында Талдықорған қаласының тұрғыны демікпе дертіне шипа іздеп, интернет дүкеннен белгісіз биологиялық қоспаны алған. Алайда, өнімді ішкені сол еді, демі тарылып, жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
Ғазиз Аманжолұлы, Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:
- Ол кісінің жалпы шығыны 100 мың теңгеден асып отыр. Біз бұл кісіге наразылық хатын жазуға көмектестік. 10 күннің ішінде жауап беруі керек. Сонымен қатар Фармацевтикалық медициналық бақылау департаменті бар ғой. Соларға да жүгінуге кеңес бердік. Алайда, бұл кісілер сол аталған департаментке жүгінген кезде ББҚ дәрі-дәрмек емес, аптекадан алынбаған. Аптекадан алса ғана қарай алады екен.
Өндіруші не өнім сатылымына жауапты кәсіпкер наразылық хатқа 10 күн ішінде жауап бермесе, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 190-бабы 5-тармағына сәйкес, егер ол жеке тұлға болса 5 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10, орта кәсіпкерлікке 15, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген.
Ғазиз Аманжолұлы, Жетісу облысы бойынша Суда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:
- 2024 жылы аяғын емдеуге арналған жақпа мазьды сатып алған Талдықорған қаласының зейнеткерінен бізге арыз-шағым түскен болатын. Биологиялық белсенді қоспаның мерзімі өткендігі анықталып отыр. Оны байқамаған зейнеткер аяғына арналған жақпа майды жаққан кезде аяғы күйік шалып, асқынған болатын. Алайда саудагер тарапынан наразылық хатқа қанағаттанарлықсыз жауап беріліп, біздің департамент сотқа талап-арыз жазу бойынша көмек көрсетті. Нәтижесінде саудагер тарапынан зардап шеккен зейнеткерге қатысты 500 мың теңгеден астам қаржысы қайтарылып, ортақ келісімге келіп, мәселе оң шешілген болатын.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрын биологиялық белсенді қоспалар табиғи өнімдерден әзірленсе, қазір неден жасайтыны белгісіз. Біздің елде олардың зертханалық тексерістен өткізбейді. Мәселен, Америкада осындай қоспаларға зерттеу жүргізген кезде, оның құрамында гармоналдық препараттың бары анықталған. Тиісінше, қоспаны күнделікті пайдаланған адамның бүйрегіне айтарлықтай зиян тигізетініне көз жеткізген.
Сондықтан бей-берекет сатылымда жүрген биологиялық белсенді қоспалардың тек сапалысын халыққа ұсыну үшін Дденсаулық сақтау министрлігі биылдан бастап оларды таңбалаудың пилоттық жобасын қолға алды.
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Бұл біріншіден, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, екіншіден, толықтай өндірілгеннен тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықты бақылауға мүмкіндік береді, үшіншіден, осы биологиялық белсенді қоспалардың арасындағы, қатысушылардың арасындағы қарым-қатынастарды реттейді, контрафактілік тауарлардың айналымын төмендетеді және тұтынушыға қауіпсіз өнімді ұсынуға мүмкіндік береді.
Комитет ұсынған ақпаратқа сүйенсек, биологиялық белсенді қоспаның заңсыз жарнамасын өшіру бойынша былтыр 500-ден астам заңды тұлғаға ескерту берілген. Ал биыл 7 жыл қатарынан биологиялық белсенді қоспа сатумен айналысқан қаржылық пирамиданың бары анықталып, оған 300 миллион теңгеге жуық қаражаттың тартылғаны белгілі болды. Сондықтан заң бұзғандарды жөнге салу үшін өнімді таңбалау, ресми тіркеу қазір ауадай қажет.
Авторлары: Назым Қайрат, Марат Қындыбаев
Тегтер #тұтынушылар #қауіп #бақылауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz