Елде төлқұжатты жаңарту қызметі электронды режимге көшірілді, деп хабарлайды 24kz.
Енді азаматтар үйден шықпай-ақ жасанды интеллектінің көмегімен сурет тапсыра алады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, Қазақстан онлайн қызмет индексі бойынша үздік ондықтың қатарына еніп отыр. Елде құжаттардың барлығы дерлік цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұрын туу туралы куәлік алу оңай шаруа емес еді. Ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына аяқтай барып, ұзын-сонар кезекке тұратын. Оның үстіне қағазбастылық көп еді. Құжат алуға шамамен бір айдай уақыт кететін. Ал қазір мұның барлығын бес минут ішінде онлайн рәсімдеуге болады. Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады.
Нұрсәуле Мейрамбай, қала тұрғыны:
- Тұңғышым дүниеге келгеннен кейін маған құттықтау түрінде хабарлама келді. Одан кейін сол хабарламаның ішінде туу туралы куәлікті қалай рәсімдеу қажеттігі туралы кішігірім нұсқаулық болды. Бұл өте қолайлы деп ойлаймын, себебі үйден шықпай, ешқайда бармай, ұзын-сонар кезекке тұрмай-ақ онлайн түрле өтінім қалдырып, өзіңе қолайлы уақытта түпнұсқасын алып кетесің.
Ал баланы бөбекжайға беру үшін ата-аналар алдымен бірнеше ұйымнан кезек алатын. Кезек келген күннің өзінде түрлі анықтамалар мен денсаулық паспортын тапсыру қажет еді. Ал қазір ваучерлік жүйе енгізіліп, қызмет түрі толық цифрландырылды. Мектеп пен колледждерге де құжат тапсыру үрдісі электронды режимге көшіріліп, қызмет мерзімі кемінде 5 есе қысқарған.
Айнұр Юсупова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің комитет төрағасы:
- Баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыру. Ол бір қаланың ішінде болса, онда көп қиындық туғызбас. Ал егер бір қаладан екінші қалаға көшіп жатсаң және сенің 4 бала-шағаң болса, ол үлкен қиындықтарға алып келетін. Әр балаға қолдаушы талон алып, оның жеке істерін көтеріп, әрқайсысын мектепке өткізу керек болатын. Енді ол процестердің барлығы электронды түрде жүреді.
Енді мерзімі өткен төлқұжатты да үйден шықпай-ақ жаңартуға болады. Егов платформасы арқылы мәліметтерді толтырып, онлайн суретке түсу қажет. Бекітілген талаптарды жасанды интеллект бақылап отырады. Бір айға жуық уақыт ішінде бұл қызмет түрін 400-ден астам адам пайдаланған.
Айнұр Юсупова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің комитет төрағасы:
- Суретке түскен кезде бет-әлпетінің жарық боп тұруы керек, ашық түсті фон болу керек деген сияқты стандарттар бар. Содан өткен кезде электронды түрде қолыңызды қоясыз және мемлекеттік баж салығын электронды түрде төлейсіз.
Елде мемлекеттік қызмет түрлерінің 90%-тен астамы онлайн ұсынылады. Оның көбі смартфондар арқылы да қолжетімді. Бір жыл ішінде қазақстандықтар биометриялық сәйкестендіру және электронды қолтаңба әдісімен 23 млн-нан астам құжат рәсімдеген.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов
Тегтер #онлайн қызмет #қызмет көрсету #БҰҰ #ТОП 10 #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz