Ғарышкер Талғат Мұсабаевтың есімі «Хабар» агенттігінің бірқатар телевизиялық жобасымен тығыз байланысты, деп хабарлайды 24kz.
Ол 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда репортаждар әзірлеп, «Мир» орбиталық станциясындағы өзінің атқарған жұмысын көрсетіп отырды. Сонымен қатар Талғат Аманкелдіұлы тікелей эфирлерге де қосылып, өз әсерімен бөлісті.
Аршын Кемелжан, тілші:
- 1998 жыл. Телевидение әлі аналогтық форматта жұмыс істейтін кез. Видеокадр 3*4 өлшеммен түсірілетін. Интернет енді ғана дамып келе жатқан. Ал, смартфондар мен әлеуметтік желілер атымен жоқ. «Мир» орбиталық стансиясының аспанда ұшып жүргеніне 12 жылдың жүзі болған. Жермен тікелей байланыс жасау технологиясы әбден жолға қойылған. Станция экипажына капитан –Талғат Мұсабаев, бортинженер Николай Бударин және NASA-ның өкілі америкалық Томас Эндрю мүше. Ғарышкерлер орбитада 207 күн болады. Мұндайда Жермен тұрақты байланыс орнату ғарышкерлер үшін өте маңызды. Ұшуды басқару орталығы «Хабар» агенттігіне орбиталық станциямен телекөпір ұйымдастыруды ұсынады. Сигнал алдымен Мәскеу маңындағы Королёв қаласындағы басқару орталығына, одан кейін Останкино арқылы Қазақстанға берілді.
Талғат Аманкелдіұлы ән айтқанды жақсы көретін. Оның сүйікті орындаушысы Кеңес Одағына танымал бард Юрий Визбор болатын. Ол көптеген қазақ әндерін де білетін. Мысалы, телекөпір кезінде ғарышкер әнші Нұрлан Өнербаевпен бірге ән шырқады. Кейін осы бейнежазба негізінде музыкалық альбом жарық көрді. Эфир соңында Талғат Мұсабаев «Хабар» журналистерінен ғарышқа гитара жіберуді сұрайды. Ол кезде бұл өтініш орындалмастай көрінген. Алайда ғарышкердің тілегі «Энергия» зымыран-ғарыш корпорациясының көмегімен жүзеге асты. Гитара «Прогресс» жүк кемесімен «Мир» стансасына жеткізілді. Ең қызығы, сол гитара Жерге қайта оралды. Мұсабаев америкалық Discovery кемесінің командирі Чарли Прекортқа өтініш айтып, гитараны Жерге қайтатын жүкке қосқан. Қазіргі таңда бұл ғарышта болған әлемдегі жалғыз музыкалық аспап. Қазір гитара Астанадағы музейлердің бірінде сақтаулы.
Талғат Мұсабаев «Мир» станциясында болған кезінде «Хабар» агенттігі үшін бірнеше репортаж дайындады. Онда ашық ғарышқа шығу кезіндегі ауыр жұмыс, ғылыми тәжірибелер мен медициналық тексерулер туралы баяндалған. Ширек ғасыр бұрын түсірілген бұл бейнематериалдар бүгінде қазақ телевизиясының алтын қорына айналды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Григорий Беденко
Тегтер #талғат мұсабаев #ғарыш #Хабар агенттігі #телевизия #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz