RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да студенттер түйе сүтінен йогурт пен балмұздақ әзірлеп жүр

16.11.2025, 10:09 500

Батыс Қазақстан облысының студенттері түйе сүтінен табиғи йогурт пен балмұздақ жасайды. Жаңадан ашылған зертханада шикізат сапасын өздері тексеріп, ашытқыны бақылап, қоспасыз әрі консервантсыз өнім әзірлеп жүр. Оған патент те алған. Енді өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жаңа зертханада нағыз өндірістегідей жағдай жасалған. Залалсыздандырылған бөлме, тоңазытқыш камералар мен заманауи құрылғының бәрі бар. Мұндағы үдерісті магистрант Сәнді Ғилман қадағалайды. Ол құрамында пробиотигі мол ерекше ашытқыны әзірлеуге қатысқан. Айтуынша, мұндай микроорганизмдер өнімнің құндылығын және қауіпсіздігін арттырады. Йогурт термостат әдісімен дайындалады. «Грек йогуртына» ұқсас болғанымен, мұның ерекшелігі, құрамында түйе сүтіндегі табиғи май сақталған.

Сәнді Ғилман, «Азық-түлік қауіпсіздігі» мамандығының 1-курс магистранты:

- Біз йогурттың тұтқырлығын анықтап жатырмыз. Яғни екі сағат сайын мұның тұтқырлығы өзгеріп отырады. Йогурт тұрған сайын қоюлана береді. Титруемая кислотность 75-тен бастағанда йогурт дайын деген сөз. Онда біз термостаттан алып, холодильникке салып тастаймыз.

Ал мұнда студенттер түйе сүтінен балмұздақ жасап жатыр. Шикізатты жергілікті фермерлер жеткізеді. Кейін ол зертханада мұқият тексеріледі. Содан соң заманауи қондырғы арқылы студенттер өз рецептімен балмұздақ дайындайды. Бұл өнім де патенттелген. Сарапшылар жаңа өнімнің құрамында дәруменнің көп, ал қанттың аз екенін айтады.

Аян Оразов, «Азық-түлік қауіпсіздігі» ғылыми зертханасының жетекшісі:

- Түйе сүтінің қасиеті ерекше. Ондағы ақуыз бен майдың мөлшері жоғары. Біз оны тағы да ақуызбен байытып, балмұздақ әзірлеудің жаңа технологиясын жасап шықтық. Бұл – балалар үшін де өте пайдалы.

Жаңа өнімді жақында дүкен сөрелеріне қою жоспарланып отыр. Қазір олар технологияны жетілдіріп, шикізат базасын кеңейтуде. Өңірде түйе бағатындар аз. Дегенмен жас ғалымдар болашақта жергілікті өндірушілермен бірлесіп, жобаны жандандыруды көздейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz