Тәуелсіз Қазақстанның креативті индустриясы тек ел ішінде емес, шекара асып, алыстағы аймақтарды да бағындырып жатыр. Алматылық видеограф Мейіржан Суанбеков түсірген бейнероликтер британиялық желі қолданушыларының көзайымына айналды. Бристольдегі компьютерлік ғылымдар бойынша оқуын көркемөнермен шебер ұштастыра білген маман англиялық ірі жобаларды таспалап жүр.
Бұл астаналық Мейіржан Суанбековтың Лондонда түсірген видеосы. Әлеуметтік желіде Bristoliann атымен танымал видеографтың қала көріністеріне деген көзқарасы ерекше. Оған жүз мыңдап жиналған қаралым саны дәлел. Мұндай жетістікке Бристоль қаласындағы техникалық білімі мен таспалаудағы хоббиін ұштастыру арқылы қол жеткізген.
Мейіржан Суанбеков, видеограф, колорист:
- Ең басында хобби ретінде дрон сатып алдым. Жұмыстан кейін, офисте өзім жұмыс істеген кезде кешкі бестен кейін бізде күн әдемі батады. Өзім түсіре бастадым дронмен. Сөйтіп ол хобби болғаннан кейін өзім бояй бастадым. тәжірибе. YouTube-тан ағылшынша жасалу жолын қарап, өзім үйрене бастадым. Содан кәсіби түрде кіргеннен кейін, өзімнің техникалық саламды қосып, Look Up Table - LUT деген бояуға көмектесетін файлдардың ішіне қарай бастадым.
Жарты жылдық терең зерттеуден соң Мейіржанның ғаламторға жүктеген видеолары желі қолданушыларының жоғары бағасына ие болды. Кейін түрлі фестивальдерден арнайы тапсырыстар түсіп, көріністердің саны артады.
Мейіржан Суанбеков, видеограф, колорист:
- Ұлыбританияда бір жылдан соң маған Motion Bristol деген компания ұсыныс жасады. Ол – әлемде үздік 15 фестиваль, іс-шара ұйымдастыратын компаниялардың бірі. Солар маған ұсыныс жасады. NDA контрактын жазып, фестиваль түсірдім. Бір апта түсірдім. Оның ішінде промо ролик дейді, сол промо роликті түсіріп, оларға бердім. Олар қатты әсер алды.
Бристоль, Бат, Эдинбург, Дердл Дор, Канар аралдары, Котсуолд сынды аймақтарды таспалап үлгерген Мейіржан Ұлыбританияда өз көрмесін ұйымдастырып, шетелдіктердің қашықтан түсірілетін кескіндерге қызығушылығын оятқан.
Эдриан, көрме қонағы:
- Мейіржанның көрмесіне инстаграмдағы видеолары арқылы тап болдым. Оның көріністің әрбір бөлігіне, жоғары сапа арқылы назар аударғаны ұнады. Оны осы бөлмедегі фотолардан да байқайсыз. Бұл туындыларды Англияның мәдениетін ашық көрсете алған еңбек деп бағалар едім.
Несрин Йылдыз, көрме қонағы:
- Көрмеге келгенім үшін сондай қуаныштымын. Фотолар бірінен бірі өтеді. Өте әдемі. Комб қамаланың кескіні қатты ұнады. Осындай керемет дүниеге куә еткені үшін алғысым зор!
Мейіржанның талғамының қалыптасуына әкесі, танымал суретші Ерлан Назарқұловтың, режиссер Айсұлтан Сейітовтың, видеограф Дастан Мұхамедкәрімнің еңбектері ықпал еткен. Оған қоса, әлеуметтік желінің күрделі алгоритмі, видео файлдардың сапасы сынды тұстар күнделікті еңбектің нәтижесінде оңай бола түскен. Вашингтонға сапарлап келген маман Қазақстан елшілігіне арнайы бейнеролик түсірді. 19-ғасырда салынған ғимарат АҚШ-тың 27-ші вице президенті Джэймс Шерманның резиденциясы болған.
Мейіржанның ендігі көздегені – Қазақстанның тұмса табиғаты мен Ұлыбританияның урбанистикалық мәселелерін түсіру.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #Қазақстандық #видеограф #Батыс #ЛондонPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz