Ыстамбұлда қазақ асханасы танымал болып келеді. Ұлттық тағамнан дәм татып жүргендер күннен-күнге көбеюде.
Мамандар мұны екі ел арасындағы мәдени жақындықпен және қазақ асына деген қызығушылықпен байланыстырады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Біз қазір Ыстамбұл төріндегі қазақы дәм ұсынатын мейрамханалардың біріндеміз. Табалдырығын аттаған сәттен бастап ұлтымыздың иісі аңқып, кең даланың рухы сезіледі. Қабырғадағы ұлттық нақыш, күмбірлеген күй, дастарханға қойылған әр тағам – бәрі де қазақы болмысты айшықтап тұр. Мұнда келген меймандар ұлтымыздың дархан көңілі мен қонақжай дәстүрін де сезінеді. Ыстамбұлдың қақ ортасында отырып, қазақ даласына сапар шеккендей күй кешесің.
Түркияда тұратын қазақ диаспорасы үшін бұл жер – атамекенмен сабақтастықтың символы. Ал елден сапарлап келгендер мұнда туған жердің дәмін татып, ауылға деген сағынышын басады.
Мұстафа Қаратамыр, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
- Осы жақта туып өскен қазақтар болып Қазақстанды сағынамыз, ата мемлекеті. Түріктің тамағына алысып кетсек те, қазақтың тамағына, бесбармағына, етін, қымызын, шайын сағынған кезде мейрамханаға келіп, оны жеп-ішеміз. Осы жаққа келген қазақтармен араласып, қызығып, ойланып, сөйлесіп, олармен Қазақстанда болған сияқты сөйлесіп, хабарласып кете береміз.
Уәли Дінмұхаммед, турист:
Біз қыдырып келдік осында. Осы жақта жүріп, осы жақтың тағамын жейміз. Алайда қазақ асханасы басқаша болады, ыстық болады, құнарлы болады. Сондықтан осылай қазақ тағамдарын іздеп келіп, осы жерде ауыз ашып жатырмыз бүгін.
Кейінгі жылдары қазақ асханасы тек қандастардың емес, жергілікті тұрғындардың да жиі бас қосатын орнына айналған. Түріктердің қазақ тағамына қызығушылығы күн өткен сайын артып келеді. Мейрамхана иесін сөзге тартқанымызда, мұны екі халықтың ортақ тарихи тамырымен байланыстырады. Сондай-ақ қазақ тағамы түрік асханасына да жақын дейді ол.
Шүкір Қарабазар, мейрамхана иесі:
- Бесбармақ, манты, күрішті түріктер көп жейді, ұнатады, келіп іздейді. Тек түріктер емес орыстар, арабтар да іздеп келеді. Жалпы келген біздің қонақтардың бәрі Қазақстанның атмосферасын сезінеді. Өзінің Қазақстанда үйінде болғандай тамағын жейді. Қуанышты болып кетеді.
Бауырлас елмен ортақ тарихи тамырымыз бен ұқсас дәстүріміз қазақ тағамын түрік қоғамына жат етпейді. Сондықтан болар, түріктер қазақ асын әдейі іздеп келіп, сүйсініп жейді.
Духан Азиз Юртташ, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
- Қазақ асханасы дәстүрге беріктігімен ерекшеленеді. Ертеректе бабаларымыз дәл осы тағамдарды тұтынған. Қазақтың әр асы құнарлы, тойымды әрі дәмі қанық. Түрік асханасына ұқсастығы бар, бірақ еті мол болады.
Қазақтың дархан пейілін паш ететін ұлттық асханамыз шетелде де өз орнын тапқан. Түркия жұртшылығы үшін бұл – түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылығы іспеттес. Ал ұлттық асханаға сұраныс артқан сайын қазақ мәдениетіне деген қызығушылық та көбейіп келеді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Ыстамбұл #қазақ асханасы #сұраныс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz